"Ақшаны көбірек игереміз, өнімді азырақ аламыз": депутат қант өндірудегі парадокс жайлы

Ғалиасқар Думан

 Кейінгі үш жылда қант өндірісіне субсидия артқанымен, өндірілген өнім көлемі көбеймеген. Керісінше, импортқа тәуелділігіміз артқан. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

«Қант бойынша жағдай өте күрделі. Республика дайын өнімнен де, шикізаттан да импортқа толықтай дерлік тәуелді. Отандық өндіріс үлесі 10%-ға төмен. Үкімет 2022 жылы жалпы бюджеті 495 млрд теңге болатын қант саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдады. Өткен жылы 3,6 млрд теңге көлемінде субсидия игерілді, биыл 14,1 млрд теңге бөлінді. Алайда осындай қомақты мемлекеттік қолдауға қарамастан, даму үрдісі теріс динамиканы көрсетіп отыр. Мысалға, егер 2020 жылы отандық шикізат негізінде ішкі сұраныстың 9 % қамтамасыз етілген болса, ол 2021 жылы – 7 %, ал 2022 жылы - 6 % дейін төмендеді», - деді депутат.

Егізбаев мәселені шешудің балама жолдарын ұсынды.

«Парадокс: ақшаны көбірек игереміз, өнімді азырақ аламыз. Осы орайда, Үкіметке аталған мәселені шешудің балама жолдарын қарастыруды ұсынамыз. Саланың шешімін таппай отырған мәселелерінің бірі - қаржы институттарының несиелерін кепілмен қамтамасыз ету. Мысал ретінде айтатын болсақ, АКК-дан төртінші буындағы 1 гектар жылыжай кешенін салу үшін «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 1 млрд. теңге несие алу үшін тағы да 1 млрд теңге кепіл ұсыну қажет. Фермерлердің жұмыс істегісі келгенімен, қаржыгерлер цифрларды «ойнатып», олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік бермей отыр», - деді ол.

Депутат фермерлерге несие беру шарттарын, оның ішінде кепілмен қамтамасыз ету талаптарын түбегейлі қайта қарау қажет деп есептейді.

«Ойын ережесі» үнемі өзгереді. Қазіргі басшылық құрамның 2021 жылғы қыркүйектен бүгінгі күнге дейінгі қызметі аралығында ғана субсидия беруге қатысты бұйрықтар 20-дан көп рет өзгертілген! No comment! Субсидия беру жөніндегі мемлекеттік саясат әрбір жарты жыл сайын өзгеретін болса, фермерлер өз жұмысын қалай жоспарлауы керек? Министрлікке субсидия берудің тұрақты және түсінікті ережелерін белгілеу және оны кемінде 5 жылға дейін өзгертпеу қажет», - дейді Егізбаев.

Айта кетейік, бұдан бұрын Қазақстанда тұтынылатын қанттың 50%-дан астамы – импорт екені хабарланған.