Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданындағы орман өрті толықтай сөндірілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өрт 17 маусымда Катонқарағай ауданындағы «Катонқарағай ұлттық табиғи паркі» РММ Ақсу филиалының аумағында (Усть-Язовское орманшылығы) жетуі қиын таулы жерде шыққан.
Қызыл жалын шөп пен бұталарды шарпыды.
Өртті сөндіруге ТЖД-дан 11 адам, орман шаруашылығынан 99 адам және 3 техника, «Авиаорманқорғау» мекемесінен 6 адам және жергілікті атқарушы органнан 7 адам жұмылдырылды.
Тілсіз жау кеше сағат 14.00 шамасында оқшауланған болатын.
«19 маусым сағат 12.00-де өрт толықтай сөндірілді. Жалынның жалпы ауданы 15 гектарды құрады», - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, Абай облысындағы орман өртін сөндіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр.