"Қазақстан русофобиялық елдің нақ өзі": Лепстің директоры даулы мәлімдеме жасады

Ғалиасқар Думан

Ресейлік әнші Григорий Лепстің директоры Владимир Урюпин әншінің Қонаевтағы концерті тоқтатылғаннан кейін бірден Қазақстан туралы бірнеше жағымсыз пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

RG

"Иә, соңғы уақытта Қазақстан  русофобиялық елдің нақ өзі. Григорий Викторовичтің ұстанымы өзгермейді. Өзге елдерде не болып жатса да, не айтылса да, өз елімізді қолдаймыз. Концертті тоқтатса – тоқтатсын. Ештеңе етпес, Қазақстансыз-ақ тірлігімізді жасай береміз. Біз өз елімізді қолдадық, қолдаймыз және Жеңіс біздікі болуы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Ештеңе бүлінген жоқ, жай ғана кезекті мәлімдеме, Қазақстанда адамдар есінен адасып жатыр. Мейлі.  Егер олар солай болса, не істей аламыз. Біз бір тамшы да ренжіген жоқпыз. Біз Қарулы күштеріміз бен армиямызды қалай қолдасақ, бұдан әрі де қолымыздан келгенше қолдай береміз", — деді Урюпин "Газета.Ru" басылымына.

Ол Лепстің Қазақстанда өнер көрсетуді жоспарламайтынын, өйткені ол "достық пейілі жоқ елдерге" бармайтынын айтты.

"Біз Қазақстанда жұмыс істеген жоқпыз, істемейміз де. Біз достық пейілі жоқ елдерге бармаймыз, бұл АҚШ-пен бірдей. Дұшпандар бізге  не істесе, біз де оларға соны істейміз", - деді ол.

Еске салайық, Лепс 8 шілдеде Қонаев казиносының бірінде өнер көрсетуді жоспарлаған. Концерт билеттерінің бағасы 50 мың теңгеден басталады. Ең қымбат билеттер 1 миллион теңгеге бағаланған.

Қазақстандықтар соғысты қолдайтын әртістің елімізде өнер көрсететініне наразылықтарын білдірді. Бұған дейін Ресей әншілері Николай Басков пен Григорий Лепс украин танктерін жойғаны үшін әрқайсысы бір миллион рубльден төлеуге дайын екендіктерін мәлімдеген.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев Ресейдің Украинға қарсы соғысын қолдайтын өнер иелерін Қазақстанға шақырушыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту керегін айтты.

Көп ұзамай Григорий Лепстің концертін өткізу үшін өз алаңын ұсынған Macao Luxury Village Resort іс-шара ұйымдастырушысымен келісімшартты бұзды.