Семейге ұшып келген "Би-2" тобы концерті өтпейтінін білмейтін болып шықты

Ғалиасқар Думан

Музыкалық ұжымның өкілі Семейдегі концерттің тоқтатылғанын білмегендерін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

әлеуметтік желіден

"Би-2" тобы Семей қаласына ұшып келді – музыканттар Абай әуежайында түскен фотосуреттерін жариялады. Музыканттар өздерінің концерттерінің тоқтатылғанын білмейтін болып шықты.

Ал Семей әкімдігі іс-шараның тоқтатылғаны үшін ақтала жөнелді.

Әкімдіктегілердің айтуынша, музыкалық топтың концерті өтеді деп жоспарланған "Арена" алаңы басшылығы іс-шараны тоқтатуға бастамашы болған.

Желіде "Арена" басшылығы жазған хаттың суреті де тарап жатыр. Онда концертті өткізуден бас тартудың себебі ретінде Жалпыұлттық аза тұту күнінен кейін әлі 10 күн де өтпегенін алға тартқан.

Еске салайық, бұдан бұрын музыкалық топ мүшелері Семейдегі концерттен түскен қаражатты Абай облысындағы орман өртінен зардап шеккендерге беруге ниетті екенін мәлімдеген болатын.

Алайда Семей әкімдігі Абай облысы тұрғындарының өтінішінен соң іс-шараны тоқтату туралы шешім қабылдағанын мәлім етті. Бір қызығы, әкімдік бірнеше сағаттан соң желідегі хабарламаны өшіріп тастады.