"Өз ісіне жауапкершілікпен қарауы маңызды": Тоқаев полицейлер мен мемқызметкерлерге жүгінді

Ғалиасқар Думан

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік қызметші күніне және Полиция күніне орай Twitter парақшасында құттықтау жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақорда

«Мемлекеттік қызметшілерді және тәртіп сақшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір қызметшінің отаншыл, адал болуы және өз ісіне жауапкершілікпен қарауы өте маңызды. Сіздер ел игілігіне қызмет етудің озық үлгісін көрсетесіздер деп сенемін», – деп жазды Президент.

Айта кетейік, 2003 жылдың наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясы 23 маусымды Мемлекеттік қызмет күні деп жариялаған қарар қабылдаған еді. Қазақстан бұл мерекені 10 жылдан кейін бекітті – 2013 жылы 23 маусым Қазақстанда да Мемлекеттік қызметшілер күні атанды. Ал 2014 жылдан бастап бұл күн кәсіби мереке ретінде тойлана бастады.

Ал 2007 жылы 5 маусымда «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» ҚР Заңының қабылданғанына 15 жыл толуына орай, 23 маусым –  Полиция күні болып бекітілді.