Заңгер Асанованың қатыгездікпен өлтірілуі: даулы үкімнің күші жойылды

Ғалиасқар Думан

Алматы қалалық сотының апелляция коллегиясы ауданаралық соттың Талғат Нұртаевқа шығарылған үкімінің күшін жойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

әлеуметтік желіден

Алқабилер соты бұған дейін сотталушының әрекетін қасақана кісі өлтіру емес, қатты толқу жағдайында кісі өлтіру деп таныған. Қазақстандықтар үкімге наразы болды: әйелін өлтірген Нұртаев небары 1,5 жылға бас бостандығынан айырылған.

Сот мәліметінше, алқабилердің қатысуымен үкімнің күшін жоюға мыналар негіз болды:

- Сот бұрын зерттемеген дәлелдемелерге сілтеме жасаған қорғаушы тараптың адвокатының жарыссөзінде сөйлеу тәртібінің бұзылуы;

- Алқабилердің алдына белгілі бір заңды терминдерді қолдана отырып сұрақтар қойылды, мысалы: кенеттен пайда болған қатты психикалық толқу жағдайында кісі өлтіру, бұл заңмен рұқсат етілмейді;

- Айыптаушы тарап іс материалдарына қоса берілмеген бейнежазбасы бар диск түрінде жол берілмейтін дәлелдеме ұсынды, дискінің шығу тегі ештеңемен расталмады, мұндай диск заттай дәлелдемелер ретінде танылмады.

"Апелляциялық сатыдағы сот қылмыстық және процестік заңнама нормаларының сақталуын тексереді және осы негізде алқабилердің қатысуымен үкімнің заңдылығын, дұрыстығын және әділдігін тексереді. Іс жүргізу нормаларын бұзу істі жаңа сот талқылауына жібере отырып, үкімнің күшін жоюға негіз болды", - деп хабарлады сот.

Еске салайық, белгілі заңгер Айман Асанованы былтыр қазанда күйеуі Талғат Нұртаев пышақтап өлтірген еді. Сот оны "аффект" жағдайында қылмыс жасады деп 1.5 жылға соттаған.