Астана күніне орай отшашу бола ма

Ғалиасқар Думан

6 шілде күні қазақстандықтар Астана күнін атап өтеді. Осыған байланысты Астана әкімдігі қалада мерекелік отшашу бола ма деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Әкімдіктегілердің сөзінше, қала күнінде отшашу болмайды.

Дегенмен, ведомство Астананың 25 жылдығына орай 100-ден астам іс-шараны өткізу жоспарланып отырғанын атап өтті. Оның 90-ға жуығы елорданың барлық тұрғыны мен қонақтары үшін тегін болады.

"Сонымен қатар мереке күндері бірқатар әлеуметтік нысандар ашылады, оның ішінде Оқушылар сарайы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, аулалар, қоғамдық орындар, үлескерлерге пәтер кілттерін табыстау және т.б. шаралар болады", – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, елорда күніне орай ұйымдастырылатын отшашу үшінші жыл қатарынан тоқтатылып келеді. Соңғы рет отшашулар жанжалмен аяқталған.

2022 жылы пандемия кезінде елде коронавирус пен пневмониядан өлім-жітім көбейген тұста мерекелік отшашу ұйымдастырылмақ болған. Сол кезде Астана әкімдігіндегілер отшашу арқылы дәрігерлерді қолдағысы келгенін айтып ақталған еді.