Ресейлік «Новая газетаның» бас редакторы Нобель сыйлығын алды

Ulysmedia

«Новая газета» басылымының бас редакторы Дмитрий Муратов пен филиппиндік журналист-зерттеуші Мария Ресса Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығына ие болды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: BBC

BBC-дің мәліметінше, Нобель комитетінің хабарламасында журналистер «демократия мен әлем алғышарты болып саналатын пікір еркіндігін қорғауға күш салғаны үшін» марапатталғаны жазылған.

«Қауіп-қатер мен қоқан-лоқыға қарамастан «Новая газета» басылымының бас редакторы Дмитрий Муратов газеттің тәуелсіз саясатын қорғай білді. Ол журналистердің құқықтарын тұрақты түрде қорғады», - дейді Нобель комитетінің жетекшісі Берит Рейс-Андерсен.

Биыл бұл сыйлыққа 95 ұйым мен 234 адам ұсынылған.

«Мен күліп отырмын. Мұндайды күтпеп едім. Маған Норвегиядан хабарласқанда қажетсіз қоңырау деп ойлап қалдым. Осы сыйлық арқылы қазіргі уақытта репрессияға ұшыратуға тырысып жатқан ресейлік журналистика үшін еңбектенетін боламыз. Елден қуылып жатқан адамдарға көмектесуге тырысамыз», - дейді Муратов «Подъем» басылымына берген сұхбатында.

Былтыр Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығы БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасына берілген.