Астанада «Қазақстан барысы» республикалық турнирі өтіп жатыр

Ulysmedia

Астанада қазақ күресінен Елорда күніне орайластырылған «Қазақстан Барысы - 2023» республикалық турнирінің ашылу салтанаты өтті. Байрақты бәсекенің шымылдығын ашуға ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов келді, деп хабарлайды Ulysmedia тілшісі. 

Асхат Раздықұлы спортшыларға әділ жеңіс,  елорда мерекесіне орай өңірден келген қонақтарға уақыттарын жақсы өткізуді тіледі. 

«Бүгінгі шара әділетті Қазақстан тарихына жазылатын тарихи оқиға десек қателеспейміз. Қазақ күресі қазақтың болмысын, өнерін, ұлттық ерекшелігін айқындайтын спорт түрі. Сол себепті де жыл сайын мыңдаған қазақстандықтар өздеріңізді қолдау үшін жиналады. Баршаңызға ең алдымен әділ жеңіс тілеймін.  Еңселі елордамызға қош келдіңіздер»,-деді министр. 

Сондай-ақ, Асхат Оралов 2024 жылғы V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Қазақстанда өтетінін атап өтті. 

«Келер жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алғаш рет қазақ елінде өтеді. Сол жерде палуандарымыз өз мықтылығын көрсету керек»,- деп атап өтті Мәдениет және спорт министрі.

«Барыс Аренаға» жиналған мыңдаған көрермен сайыс барысында сүйікті палуандарына қошемет көрсетіп, эмоцияларын жасырмай көңілді отыр. «Қазақстан барысына» жылда барамын деген  қызылордалық Мәлік Жарасов осы жолы да Мақсат Исағабыловқа жанкүйермін дейді. 

«Ұлттық спортымыздың осындай жоғары деңгейде өтіп жатқаны мені шын қуантады. Осымен бұл турнирге бесінші жыл қатарынан келіп отырмын. Былтыр жерлесім Мақсат жеңген кезде төбеміз көкке екі-ақ елі жетпей қалған еді (күліп). Биылда міне Мақсаттың тағы да бағын сынап жатқанын көріп, тақымымызды қысып отырмыз. Оның үстіне осы жолы кіру билеті тегін екен, қаншама мың қазақтың дәл осы сәт еңсесі көтеріліп отыр. Байқасаңыз, сайысты ішінде жүріп сезіну мүлдем басқа эмоция сыйлайды. Күмбірлеген домбыра, әнші-жыршылар, көрермендерге сыйлықтар ойнатып жатыр. Әр жерден «Алға, Шымкент, алға Алматы» деген дауыстарды естіп, біздің де делебеміз қозып отыр. Кім жеңсе де, қаракөзіміздің жеңісі, ұлттық спорттың мәртебесі»,-деді қызылордалық қонақ. 

Бүгінгі сайысқа 8 төреші төрелік етіп отыр. Әр өңірден екі спортшыдан қатысады, олар абсолютті салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Биыл қатысушылардың жалпы саны – 41 палуан: әр өңірден екі спортшыдан,сондай-ақ «Әскер Барысы» күш құрылымдары арасындағы турнирдің және өткен жылғы іріктеудің жеңімпаздары. Турнирдің жүлде қоры – 40 миллион теңге, бас жүлдені жеңген палуанға – 25 миллион теңге сыйлық беріледі. Әзірше, келесі кезеңге Маңғыстау облысының барысы Нұрдаулет Жарылғапов, Жетісу облысынан Жігер Сәкенұлы өтті. 
Айта кететіні, қазақ күресінен республикалық турнир 2011 жылдан бері тұрақты негізде ұйымдастырылып келеді.