Экологтар Атырау мұнай өңдеу зауытын жоспардан тыс тексереді

Ғалиасқар Думан

Атырау мұнай өңдеу зауытына жоспардан тыс тексеру жүргізіледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

видеодан кадр

Облыстық экология департаментінің мәліметінше, ауа сапасын бақылайтын 34 станса бар. Оның ішінде «Қазгидромет» АҚ өңірлік филиалының балансына 11 станса алынған.

Ал 4 станса Атырау мұнай өңдеу зауытына тиесілі болса, 19 стансаға NCOC компаниясы иелік етеді.

«Биылғы 3 шілдеде электрмен жабдықтаудың істен шығуына байланысты газ алауы жағылды. «Қазгидромет» РМК деректеріне сәйкес сол күні ауа сапасын бақылайтын екі стансада күкірсутек құрамының шекті нормадан асу дерегі тіркеліп отыр. Кешкі сағат 19:00-де «Жилгородок» стансасында ауадағы күкіртсутек құрамының шекті рұқсат етілген концентрациясы 1,6-ға, ал «Привокзальный» стансасында бұл норма 1,4-ке артқаны тіркелді. Облыстық Экология департаменті кәсіпорынға жоспардан тыс тексеру жүргізуді жоспарлап отыр», - деп хабарлады Экологиялық реттеу және бақылау комиетінің баспасөз қызметі.

Кәсіпорынның санитарлық қорғау аймағында ластаушы заттардың шамадан асуы тіркелмеген.

Еске сала кетейік,  3 шілдеде МАЭК-тегі апат салдарынан Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатылды.

Зауыттың қоғаммен байланыс бөлімінің мәліметінше, электр желісіндегі ақаудың салдарынан қондырғылардың жұмысы апаттық жағдайда тоқтатылған.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты 3 шілде күні жергілікті уақытпен сағат 17:25-те жұмысын тоқтатты. Бұған «KEGOC» АҚ тарапынан электр энергиясының өшірілуі себеп болды», -деп мәлім етті қоғаммен байланыс бөлімінен.