Өскемен қаласында көпқабатты үйдің жертөлесінен өрт шығып, 80 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 6 шілдеде сағат 23.08-де Ломоносов көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйдің жертөлесінде қоқыс пен ескі заттар жанған.
«Соның салдарынан подъез ішін қою түтін басты. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер тұрғындарды дереу қауіпсіз жерге көшіре бастады. Баспалдақ арқылы барлығы 80 адам, оның ішінде 15 бала эвакуацияланды. Сондай-ақ құтқарушылар 1938 жылы туған әйелді сыртқа көтеріп алып шықты», - делінген ақпаратта.
Өрт сөндірушілер темір кесетін құралдың көмегімен жертөленің есігін ашты. Көп ұзамай 3 шаршы метр алаңдағы өртті сөндіріп, түтінді сорып шығарды. Зардап шеккен ешкім жоқ.