Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің шақыруымен «Жаһандық Синтетикалық есірткіге қарсы күрес коалициясы» атты 7-ші Министрлік онлайн конференциясына қатысты. Аталған іс-шараға 60-қа жуық мемлекет пен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Іс-шараның ашылуында сөйлеген сөзінде Э.Блинкен халықаралық қауымдастықты синтетикалық есірткінің заңсыз өндірісі мен айналымының алдын алу, жаңа тенденцияларды анықтау және олардың адам денсаулығына тигізетін зиянның алдын алу үшін бастамашылық еткен Жаһандық коалиция аясында тиімді әрекет ету үшін күш-жігерді біріктіруге шақырды.
АҚШ Мемлекеттік хатшысының сөзінен кейін М.Нұртілеу Жаһандық коалицияға қатысушылар алдында алғы сөз сөйледі. Оның баяндамасы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша дайындалып қабылданған, Қазақстанды қоса алғанда өңірдегі синтетикалық препараттармен байланысты жағдайды айтарлықтай тұрақтандыруға мүмкіндік берген Кешенді жоспарда көзделген нақты шараларға арналды.
Министр Қазақстанның ұлттық заңнамасын жетілдіру, есірткі бизнесін жою, қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, ұйымдасқан қылмыстық топтар мен жасырын зертханаларды жою, сондай-ақ көршілес елдермен және ШЫҰ, ИЫҰ, ЕҚЫҰ, ЕО (CADAP) бағдарламалары мен бастамаларын қоса алғанда халықаралық ұйымдармен ықпалдасуы туралы хабардар етті.
Қазақстандық дипломат синтетикалық есірткінің таралуы тұрақтылық пен қауіпсіздікке қатер төндіретініне, елдердің дамуына кедергі келтіретініне, сондай-ақ террористік және өзге де трансұлттық қылмыстық әрекеттердің негізгі даму себептерінің бірі екендігіне халықаралық қауымдастықтың назарын аударды.
Одан әрі іс-шараға қатысушылар панельдік пікірталас аясында заманауи есірткі қылмысының қауіп-қатерлеріне қатысты өзекті мәселелерді талқылап, осы проблемамен тиімді күресу үшін бірлескен күш-жігерлерін жұмылдыруға келісті.
Іс-шараның нәтижесі бойынша қатысушы елдердің осы салада туындайтын қауіп-қатерлерге кешенді және жүйелі әрекет ету ниетін қамтитын Декларация қабылданды.