Биылғы ҰБТ-дағы "ең креативті" көшіру тәсілі аталды

Ғалиасқар Думан

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев биыл ҰБТ кезінде жауаптарды көшірудің ең "озық" тәсілін атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

«Биылғы ең креативті көшіру тәсілі деп костюмінің кеудесін ойып, смартфонды соған салып өткен. Оқушыны айтуға болатын шығар. Осындай тәсілмен ол смартфонның экранына «терезе» ашып қойған. Сол «терезе» арқылы ашып, жауып отырған. Әрине, біз мұны ахуал орталығы арқылы байқап қойдық. Ол талапкердің ҰБТ қорытындысы жойылды», - деді орталық директоры

Емелбаевтың айтуынша, денсаулығында кінәрат бар оқушылардың витамин немесе дәрі алып кіруге рұқсат берілген. Алайда түлектердің бірі дәруменнің бетіне формула жазып кірген жағдай болыпты.

«Тіпті арнайы қаламсаптар да болды. Осыған байланысты біз шешім қабылдамақпыз. Келесі жылы ҰБТ өткізген кезде қаламсапты да аудиторияда беретін боламыз. Биыл әр оқушыға өз қаламын әкелуге рұқсат бергенбіз. Бірақ оны шпаргалка жасыруға пайдаланған жайттарды көрдік. Осы фактілерді ескеріп, осындай шара қабылдап отырмыз», - деді тестілеу орталығының басшысы.

Жалпы, ҰБТ өткізу барысында 402 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылған.