НАТО елдері Ресей шабуылдаған жағдайда әрекет ету жоспарын мақұлдады

Ғалиасқар Думан

НАТО елдері Ресей шабуыл жасаған жағдайда қолға алынатын аймақтық қорғаныс жоспарларын мақұлдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.

FT

Вильнюстегі НАТО саммитінде бекітілуі тиіс жоспарда құрлық әскерлерінің санын арттыру және теңіздегі, ауадағы, киберкеңістіктегі және ғарыштағы ықтимал шабуылдардан қорғау жолдары егжей-тегжейлі сипатталған.

Сонымен қатар, осы жоспарлар шеңберінде альянсқа қатысушы елдерге әскерлерді жаңғырту және логистиканы жақсарту жөнінде ұсыныстар берілетін болады. Сондай-ақ, НАТО мүшелері қорғаныс шығындарын арттыруы керек. Альянстың ең төменгі талабы – ЖІӨ-нің 2%-ы болмақ.

"Адамдарды көбірек жинау, оқыту, жаттықтыру мәселелері көтерілген. Қорларды, құрылымдарды құру, жабдықтарды сатып алу туралы,  өндірістік қуаттар туралы да айтылған", — деді НАТО әскери комитетінің төрағасы Роб Бауэр.

Альянс шенеуніктері бұл жоспарларды жүзеге асыру үшін қатысушы елдерге бірнеше жыл қажет деп санайды.

Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты Солтүстік Атлантикалық альянс өзінің қорғаныс тұжырымдамасын толығымен қайта қарауды жөн көрді. Атап айтқанда, қазір альянс шабуылдың бірінші күнінен бастап өз аумағының "әр дюймін" қорғауға дайындалуда.

НАТО-ның қорғаныс тұжырымдамасын қайта қарауды бірінші болып Балтық елдері талап етті, өйткені бұл тұжырымдама осы елдердің аумақтарын басып алып, 180 күннен кейін ғана азат етуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Эстония премьер-министрі Кая Каллас Ресей әскерлерінің осындай ұзақ мерзімге басып алуы Балтық жағалауындағы кез-келген елдің толық жойылуына әкелуі мүмкін деді.