"Дикий Арманның" қылмыстық тобының 80-нен астам мүшесі ұсталды – ІІМ

Ғалиасқар Думан

ІІМ Арман Жұмагелдиевтің ұйымдасқан қылмыстық тобын әшкерелеуге және жоюға бағытталған іс-шаралар кешені қалай жүргізілгенін мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Ведомствоның хабарлауынша, ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі мен негізгі қатысушылары қамауға алынғанына қарамастан, оның басқа мүшелері адвокаттардың қызметтерін қаржыландыра отырып, құқыққа қарсы қызметпен айналысуын жалғастыруда. Тергеу процесінің қатысушыларына бұқаралық ақпарат құралдары және интернет желісі арқылы қысым көрсетуде.

Аталған топтың қылмыстық әрекетінің жолын кесу үш кезеңде жүргізілген. Бірінші кезеңде халықаралық іздеуде жүрген, қылмыстық ортада Нойс” деген лақап атымен белгілі Жұмагелдиевтің “оң қолы” басқаратын ұйымдасқан қылмыстық топтың негізгі криминалдық буыны ұсталған.

“Мәселен, 19 сәуірде Алматы қаласының, Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының аумағында ауыр қылмыстарды жасауға, оның ішінде 2018 жылы Алматыда болған адам өлтіруге оқталуға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтың 12 мүшесі ұсталды. Екінші кезеңде криминалдық ортада «Карась» лақап атымен белгілі «Дикий Арманның» тағы бір көмекшісі бақылайтын ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландыру арнасы жойылды. 25-26 сәуір аралығында Алматы, Шымкент қалаларында және Түркістан облысында 130-дан астам тінту жүргізіліп, заңсыз ойын бизнесіне және аталған ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландыруға қатысы бар 53 фигурант ұсталды. Осы жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны және оны басқарғаны үшін Қылмыстық кодекстің 262-бабы бойынша екі қылмыстық іс тіркелді. Мамыр айында қылмыстық топтың қызметін қаржыландыру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 266-бабымен қосымша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды”, – делінген хабарламада.

12 шілдеде ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Бас прокуратураның ведомствоаралық жедел-тергеу тобымен бірлесе отырып, операцияның үшінші кезеңін іске асырды. Сонымен қатар Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қостанай және Түркістан қалаларында қаңтар оқиғасы кезінде Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысқан 18 фигурантты ұстады. 36 тінту іс-шарасы жүргізіліп, бірнеше шолақ қару, тапаншалар, пышақтар, кастет, діни әдебиет, сондай-ақ тәртіпсіздікке қатысқан күдіктілердің киімдері тәркіленді.

– Осы бағыттағы жедел іс-шаралар жалғасуда. Өзге мәліметтер тергеу мүддесінде жариялауға жатпайды, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.

Еске салайық, «Дикий Арман» лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиев былтыр 7 қаңтарда ұсталған болатын.

Кейін ҚР Бас прокуратурасы «Дикий Арманның» Ұлттық қауіпсіздік қызметінің тергеу изоляторында отырғанын мәлімдеді. Содан бері оны қамауда ұстау мерзімі тоқтаусыз ұзартылып келеді.

«Дикий Арманмен» бірге «қаңтар оқиғасы кезінде наразылық білдірушілердің басын қосып, топ ұйымдастырды» деп айыпталған Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген порталымызға тергеу камерасынан жолдаған жазбаша жауабында қаңтар оқиғасы жайлы өз нұсқасын айтып берген еді.

Сондай-ақ,  жуырда адвокат Олег Чернов өз қорғауындағы Арман Жұмагелдиев азаптау ісінде жәбірленуші ретінде танылғанын мәлімдеді.