Қазақстанда жұмыссыздар көбейді

Ғалиасқар Думан

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны туралы мәліметті ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан  жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 110,6 мың адамды құрады. Бұл ретте биыл 97,4 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды.

Салыстыру үшін: 1 маусымдағы жағдай бойынша 94,4 мың адам жұмысынан айырылуына байланысты төлем алған. Осылайша, маусым айында жұмысынан айырылған қазақстандықтар 16,2 мың адамға артты.

Министрлік атап өткендей, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:

- eGov.kz порталында авторизациялану;

- «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;

- онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;

- бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы (бұдан әрі – МО) бос жұмыс орындарын ұсынады;

- егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге МО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады);

Бұл қызметті онлайн режимінде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.

“2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жоғалған табысты алмастыру коэффициенті 40% - дан 45% - ға дейін ұлғайтылды. Бұл ретте төлем тағайындаудың ағымдағы тәртібі сақталды және жұмысынан айырылған және жұмыссыз мәртебесін алған әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға ғана қолданылады. Жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем мөлшерінің өсуі 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған алушыларға да әсер етті, ол автоматты түрде жүргізілді”, – делінген хабарламада.