"Тұрғындардан миллиондап қарыз алған": Ақмолада экс-әкім алаяқтығы үшін сотталды

Ғалиасқар Думан

Аршалы ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бұрынғы басшысы, сондай-ақ, Аршалы қаласының бұрынғы әкімі Ғабдулла Ахметжанов Ақмола облысында газ тарату станциясын құру арқылы алаяқтық жолмен 12 млн теңге иемденген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ғабдулла Ахметжанов

“Аршалы ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бұрынғы басшысы «А.» мемлекеттік меншіктегі газ тарату станциясының ғимаратын бұзып, бөлшектеуді «Ж.» мен «Н.»-ға ұсынған және рұқсат қағазы үшін олардан 12 миллион теңге сұрады. Алдын ала төлем ретінде «А.» олардан 4 миллион теңге алып, бүзу құқығын беру туралы жалған анықтама берді”, – делінген Ақмола облыстық сотының хабарламасында.

Алайда кейін Ахметжанов оларға объектіні бұзудың орнына жалға алуды ұсынып, олармен 30 жылға мүліктік басқару шартына қол қойысты, бұл үшін тағы ақша талап еткен.

“Осылайша, «А.» қызметтік бабын пайдалана отырып, ірі көлемде алаяқтық жасады (ҚК-нің 190-бабы, 3-бөлігінің 1),2)-тармақтары).Сонымен қатар, «А.» өз танысынан 11 000 000 теңге қарыз алып, оған ТКШ бөлімінің балансында тұрған генераторлық қондырғыны кепілге берген. Сөйтіп, «А.» мемлекетке 1 322 381 теңге сомасында материалдық залал келтіріп, өзіне сеніп тапсырылған мүлікті жымқырған (ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігінің 2)-тармағы)”, – деп мәлім етті сот.

Сот үкімімен экс-әкімге мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 

Сонымен қатар, бұрынғы әкімнің қарыздары да сотта қаралды. Ол танысынан 11 миллион теңге қарыз алып, кепіл ретінде ТКШ бөлімінің балансында тұрған генератор қондырғысын бергені анықталды.

Шығын 1,3 млн теңгені құрады.

Осы эпизод бойынша да ол кінәлі деп танылды. Сот оны бес жылға соттады.

Естеріңізге сала кетейік, әкімнің жергілікті тұрғындардан қарыз алатыны 2020 жылдан бастап айтыла бастаған.