Жетісу облысында 200-ден астам дәрігер тапшы

Ғалиасқар Думан

Бұл туралы облыс әкімдігінің сайтында жарияланған жартыжылдық есепте жазылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

kaznovosti.kz

«Облыстың медициналық мекемелерінде 1 894 дәрігер мен 6 820 медбике жұмыс істейді. 10 мың тұрғынға шаққанда дәрігерлермен қамтамасыз ету – 27,9, ал орта медицина қызметкерлерімен қамтамасыз ету – 97,55. Бұл ретте өңірде 202 кадр тапшы. Атап айтқанда, жалпы тәжірибелі дәрігер – 32, акушер-гинеколог – 18, педиатр – 15, анестезиолог-реаниматолог – 15 және тағы да басқа мамандар», - делінген құжатта.

Жергілікті құзырлы органның дерегінше, биыл денсаулық сақтау саласына 89 млрд теңге қаражат бөлінген. Алғашқы 6 айда бюджеттің 39,3 млрд теңгесі немесе 44,1%-ы игерілді.

«6 нысанның құрылысына 2 млрд теңге бөлінді: Сарыөзек ауылындағы емхана, Сағабүйен ауылындағы дәрігерлік амбулатория, Ақсу Алтынарық ауылындағы ЖП, Қамысқала және Шежін ауылдары мен Талдықорған қаласында фельдшерлік-акушерлік пункт салынады. 2023 жылға ауылдық елді мекендерде 25 блоктық-модульдік кешен орнату жоспарланған», - деп жазылған есепте.