Құранды қорлауға наразылық білдіргендер Бағдаттағы Швеция елшілігіне өрт қойды

Ғалиасқар Думан

Радикалды уағызшы Муктада ас-Садрдың жақтастары Швецияның Бағдадтағы елшілігіне шабуыл жасап,  өткен түні ғимаратты өртеп жіберді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

reuters

Жүздеген мұсылман  Стокгольмде Құранның кезекті мәрте өртенуіне наразылық білдірді. Олардың елшілікке шабуыл жасауына Швецияның қасиетті кітапты көпшілік алдында өртеуге рұқсат беруі себеп болды. Бұл осы айда берілген екінші рұқсат екені атап өтілді.

Наразы топ елшілік ғимаратының аолына түнгі сағат бір шамасында келіп: "Құранға "Иә" дейміз!» деп ұрандады.

Швецияның Сыртқы істер министрлігі қызметкерлердің ешқайсысы зардап шекпегенін хабарлады, бірақ ғимаратты өртеу Вена конвенциясын бұзу деп саналатыны айтылды.

Тергеу жүргізіледі.

Бұған дейін Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Швецияда Құранды өртеу акциясы туралы айтқан болатын.

«Мен Швецияда Құрбан айттың бірінші күні қасиетті кітабымыз Құран Кәрімге қарсы жасалған осы зұлым әрекетті айыптаймын», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Швеция полициясы мұсылмандардың Құрбан айт мерекесінің бірінші күні, маусымның 28-і күні Стокгольмдегі мешіттің сыртында Құранды өртеуге рұқсат берген.

Ақпан айында полиция Түркия мен Ирак елшіліктерінде Құран өртейтін екі іс-шара өткізу туралы өтініштерді лаңкестік әрекеттер қаупіне байланысты қабылдамады. Кейін Швеция соты бұл шешімді заңсыз деп атады.

Еске салайық, қаңтар айының соңында Данияның исламға қарсы «Страм Курс» («Қатаң курс») партиясының жетекшісі Расмус Палудан Стокгольмдегі Түркия елшілігінің алдында Құранды өртеп жіберген болатын. Осыдан кейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған былтыр мамырда НАТО-ға мүшелікке өтініш берген Швециядан бұл мәселеде Анкарадан қолдау күтпеуді сұрады.