Қарағанды облысында 3 ауылда төтенше жағдай жарияланады

Ғалиасқар Думан

Қарағанды облысындағы дала өртіне байланысты 3 ауылдық округте төтенше жағдай жариялау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

көрнекі фото

«Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты Талды, Ақшоқы, Ақсу-Аюлы ауылдық округтерінің аумағында 2023 жылдың 14 шілдесінен дала және орман өрттерінің орын алуына байланысты жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялансын. Оны жою бойынша басшысы болып Шет ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Кәрсембаев тағайындалсын және осы шешімнен туындайтын тиісті іс-шараларды жүргізу тапсырылсын», - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаровтың шешімінде.

Төтенше жағдай жариялауға бағытталған құжат ертең, яғни 21 шілдеден бастап күшіне енеді.

Айта кетейік, бұған дейін «Ертіс орманы» резерватындағы өртке байланысты Павлодар облысындағы 3 ауылдық округ аумағында төтенше жағдай жарияланды.