Бағаны өсірген байланыс операторлары тексеріліп жатыр

Ғалиасқар Думан

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі байланыс операторларының тарифті көтеруіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

«Байланыс операторларының тарифтерді өсіру туралы хабарламасы бойынша қазір агенттік құзыреті шеңберінде тиісті жұмыс жүріп жатыр. Тұтынушылардың шағымдары алынды, олардың негізінде сұраныстар жіберілді, бағаларға мониторинг жүргізіле бастады. Бұл ретте агенттік монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері болған кезде бағаны көтерудің негізділігін тексеру барысында ғана белгілей алады», - делінген хабарламада.

Ақпаратта айтылғандай, тарифтер негізсіз көтерілген болса, заң бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген.

«Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 159-бабына сәйкес субъектілер өз үстемдігін пайдаланып, жоғары баға белгілеп, оны ұстап тұру жағдайы анықталғанса, айыппұл қарастырылады. Заң талабына сәйкес монополиялық әдіспен табылған жыл ішіндегі кірістердің бес пайызы тәркіленеді», - дейді агенттіктен.

Айта кетейік, 2022 жылы өзінің міндеттемесіне сай сапалы қызмет көрсетпеген ұялы байланыс операторларына 3,4 млрд теңге айыппұл салынды.