Қазақстанда 5 букмекерлік кеңсенің қызметі тоқтатылды

Ғалиасқар Думан

Елімізде 3 букмекерлік кеңсенің лицензиясын сот тәртібімен жою бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері заңнаманы бұзған 5 букмекерлік кеңсенің қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстандағы букмекерлік кеңселер саны 2 еседен астам қысқарды. Егер 2021 жылдың басында елде 38 букмекерлік кеңсе жұмыс істесе, бүгінде олардың саны - 16. Ал оның ішінде іс жүзінде жұмыс істейтіндері - 12.

Букмекерлік кеңселердің санын азайту үшін Мәдениет және спорт министрлігі түсіндіру жұмысын жүргізуде. Мысалы, соңғы 3 жылда букмекерлік кеңселер 15 лицензияны өз еркімен тапсырған.

«Министрдің тапсырмасы бойынша осы бағыттағы жұмыс күшейтілетін болады. Бүгінгі таңда Мәдениет және спорт министрлігінің қатысуымен ойын бизнесі және лотерея қызметі саласындағы заңнамаға 62 түзетуді, сондай-ақ ілеспе нормативтік-құқықтық актілерді көздейтін 3 заң жобасы әзірленді. Сондай - ақ, біз ойын бизнесінің жарнамасымен күресу үшін заңнамалық деңгейде түзетулерге бастамашы боламыз», – деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.