Қарағандыда балалардың жаппай улану себебі белгілі болды

Ғалиасқар Думан

Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағанды облысында уланған балалардың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

“Қарағанды ​​облысындағы Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына түскен 14 баланың бүгінде алтауы ауруханада. Олардың барлығы жансақтау бөлімінде жатыр. Төртеуінің жағдайы ауыр. Қалған екі баланың жағдайы неврологиялық тапшылық, интоксикация синдромы және тыныс алу жеткіліксіздігіне байланысты өте ауыр”, – деді министр.

Оның сөзінше, 7 бала қанағаттанарлық жағдайда шығарылған, бүгінде олар дәрігерлердің бақылауында.

“Осы оқиға туралы ақпарат түскен сәттен бастап Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл түрде республикалық жетекші балалар мамандарын (реаниматолог, инфекционист, пульмонолог, токсиколог) жұмылдырды. Интенсивті терапия көрсетілді, республикалық және облыстық деңгейдегі білікті мамандардың кеңейтілген кеңестері ұйымдастырылды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті эпидемияға қарсы іс-шаралар мен тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр”, – деді Ғиният.

Сондай-ақ, министр эпидемиологиялық тексерудің алдын ала нәтижесін жария етті.

 “Алдын ала эпидемиологиялық тексеру нәтижелері бойынша зертханалық және аспаптық зерттеу әдістерінің деректері, аурудың даму сипаты негізінде тағамнан топтық улану және жұқпалы аурулар алынып тасталады. Жаппай уланудың ықтимал себебі – улы затпен улану. Қазір сот-медициналық сараптама жүргізілуде”, – деді ведомство басшысы.

Премьер-министр балаларды барлық қажетті дәрігерлік көмекпен қамтамасыз етіп, ауруханадан шыққаннан кейін де олардың жағдайын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

«Ішкі істер министрлігі болған оқиғаның нақты себептері мен кінәлілерді анықтау бойынша тергеу амалдарын мұқият жүргізуі тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

 

Еске салайық, 30 шілдеде Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалар жаппай уланғаны хабарланған. Уланған балалардың бірі көз жұмды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, балалардың улануына тамақтың қатысы жоқ.

Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл осы оқиғадан кейін елдегі 84 әлеуметтік мекеменің барлығы жіті тексерілетінін мәлім етті.

Сондай-ақ, Қарағандыда балалар уланған орталықтың 12 қызметкері жұмыстан шеттетілгені белгілі болды.

Бұдан бұрын порталымыздың тілшісі нейропсихиатриялық аурулары бар балалар ем қабылдайтын жабық мекемеде не болғанын анықтауға тырысып көрген.