Талдықорғанда 11 қылмысқа қатысы бары дәлелденген алаяқтар тобы сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Келтірілген шығынның жалпы сомасы 53 млн теңгеден астам. Топтың құрамына соңғы бірнеше жыл бірлесіп алаяқтықпен айналысқан 1974-1989 жылдар аралығында туған төрт әйел кірген. Айыптау қорытындысына сәйкес қылмыстық топтың іс-әрекеті жүйелі ұйымдастырылған.
Олар негізінен қала тұрғындарына мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алуға көмектесуге, сондай-ақ басқа да мәселелерді шешуге жәрдемдесуге уәде берген. Атқарылған жұмыс үшін алаяқтар шетелдік және ұлттық валютамен, аударым арқылы және «қолма-қол ақшамен» сыйақы алған. Бір жағдайда олар тіпті тірі мал алуға келіскен.
Тергеу амалдары бірнеше айға созылып, нәтижесінде 4 күдікті де сотталды. Сот айыпталушылардың әрқайсысында жас балалардың болуын және жасаған қылмыстарын мойындап, өкінетіндігін, сондай-ақ жәбірленушілерге келтірілген шығынды толық қалпына келтіргендігін ескерді.
«Сот үкімімен сотталушылардың біреуіне шартты түрде 4 жыл бас бостандығынан айыру, ал қалған үшеуіне 3,5 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды»,- делінген Жетісу облысы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.