Қазақстанда қанша адам көмекке мұқтаж

Ғалиасқар Думан

1 тамыздағы жағдай бойынша 538,9 мың қазақстандық атаулы әлеуметтік көмек алды. Бұл көмек жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен азаматтарға тағайындалады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 102,7 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды. Биылғы жылы тиісті мақсатқа бюджеттен 65 миллиард теңге бөлінді.

"2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап кепілдендірілген әлеуметтік пакет бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде (2023 ж. – 5175) қоса алғанда, қосымша төлем түрінде табиғи нысаннан ақшалай көмек форматына көшірілді. 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша АӘК алушылардың арасынан 166,5 мың мектеп жасына дейінгі балаға қосымша төлем тағайындалды", - деп хабарлады ведомство.

Министрлік  азаматтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алатынын атап өтті.

Айта кетейік, бұдан бұрын депутат Мәди Тәкиев қазақстандықтардың жалақысының күнделікті қажеттіліктерінен артылмайтынын мәлімдеген.

Ал оның әріптесі Елнұр Бейсенбаев халықтың орташа табысы мен қымбатшылық жайлы ресми статистика шындыққа сай келмейтінін айтты.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанның миллионнан астам тұрғыны кедейлік шегінен төмен өмір сүреді.