Қазақстандық студенттерге жатақханаларда 19 мыңға жуық төсек-орын жетіспейді. Орын тапшылығы, әсіресе, Алматыда оқитын жастар үшін күрделі мәселе болып тұр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Студенттердің құқықтары жөніндегі омбудсмен Айсұлу Ерниязова елімізде барлығы 663 жатақхана барын айтты, оның 250-і университеттерге, 414-і колледждерге қарайды.
Қазақстандағы студенттік жатақханалардағы кереуеттердің жалпы саны – 148 768.
Ерниязованың айтуынша, бүгінде ел білімгерлеріне жатақханалардан 19 мың орын жетіспейді, оның ішінде Алматыда 13 мың орын қат.
"Ресми төсек-орын тапшылығы — 19 мың орын, оның 13 мыңы Алматыда. Астанада – 2200 орын, СҚО-да – 2318, Абай облысында – 1100, Түркістан облысында – 987 орын жетіспейді", – деді ол баспасөз мәслихатында.
Спикер алматылық студенттер хостелдерге орналастырылатынын, алайда қалған қалаларда мәселе қалай шешілетіні әлі белгісіз екенін айтты.
"Біз өз тарапымыздан мәселені тек қоғамдық өзара іс-қимылмен жеделдете аламыз. Біз жатақханалар құрылысын тезірек бастау керегін барынша айтып жатырмыз", - деді Ерниязова.
Сондай-ақ, студенттік омбудсмен жоғары оқу орындары мен колледждер жанындағы жатақханаларды тексеру нәтижелері туралы айтып берді. Мониторингтік топ бұзушылықтар анықталған 237 студенттер үйін тексерді. Олардың негізгілері: өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, қажетті жиһаздың болмауы, антисанитария және ғимараттардың апаттық жағдайы.