Қаңтарда Жотабаевтың азаптаудан қаза табуы: полицейлерге үкім шықты

Ғалиасқар Думан

Семей қалалық сотында 2022 жылғы қаңтардағы оқиғалар кезінде азаптаудан қаза тапқан Жандос Жотабаевтың өлімі үшін айыпталған екі полиция қызметкеріне үкім шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Іс материалдарына сәйкес, айыпталушылар Жотабаевты 2022 жылғы 7 қаңтарда Орталық полиция бөлімінен уақытқа ұстау изоляторына айдады. 10 күннен кейін ол қайтыс болды.

Сот полицейлерді кінәлі деп тауып, әрқайсысына 4 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ олар жәбірленуші тарапқа шамамен 10 мың доллар төлеуге міндеттелді.

Айта кету керек, полицейлер небәрі 23 және 27 жаста.

Сотталушылар өз кінәсін мойындамады және қызметтік борышын орындағандарын айтты.

Ал адвокаттар нағыз қылмыскерлер жазадан жалтарғанын мәлімдеді.

Бұған дейін бұл іс бойынша Семейде фельдшерге үкім шығарылғаны хабарланған болатын.

Экс-денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медицина қызметкерінің сотталуын “нағыз абсурд” деп атады.

Еске салайық, Жандос Жотабаев қаңтар оқиғасы кезінде көз жұмған. Ол митингке қатысқаны үшін ұсталып, екі күн бойы полиция бөлімінде болған. Кейін уақытша оқшаулағышқа қамалған. 17 қаңтарда оқшаулағыш қызметкерлері жедел жәрдем шақырып, Жотабаевтың қайтыс болғанын хабарлаған. Жандостың бауыры Ердостың айтуынша, денені кейін тексерген кезде көкпеңбек болған. Марқұмның 11 қабырғасы сынғаны анықталған.