Қашағанға қатысты дау: Қазақстан инвесторлардың ұсынысын қабылдамады

Ғалиасқар Думан

Қашаған мұнай кен орнын игерумен айналысатын NCOC серіктестері Қазақстан энергетика министрлігінен дауға қатысты ұсыныстарына жауап алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

көрнекі фото

Министрлік 13 миллиард долларлық дау бойынша төрелік етуді талап етуге ниетті, деп жазады Bloomberg.

Шілде айында Қазақстан үкіметі төрелікті тоқтату туралы ұсынысқа келіскені жөнінде сөз болған. Алайда, қазір энергетика министрлігі Қазақстанның инвестициялық міндеттемелердің орнына өз талаптарынан бас тартуы туралы ұсынысты қабылдамағаны белгілі болды.

Үкімет Қашағанға шамамен 55 млрд доллар инвестиция салған Eni SpA, Shell Plc, Exxon Mobil Corp және TotalEnergies SE компанияларын сотқа берді.

Қазақстан шенеуніктері Қашаған бойынша серіктестер13 млрд доллар көлеміндегі шығыстарды шегермеуі тиіс екенін алға тартады.

Сонымен қатар, серіктестерге экологиялық бұзушылықтар үшін 5,1 миллиард доллар көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

Total, Shell, Exxon және Eni секілді Қазақстанның энергетика министрлігі де жағдайға түсініктеме беру сұралған электрондық хатқа жауап берген жоқ, деп жазды басылым.

Қазақстанның мұнай-газ саласындағы Солтүстік Каспий және Қарашығанақ жобалары бойынша өнімді бөлу туралы келісімге (ӨБК) 1997 жылғы қарашада қол қойылды. Құжат Қазақстанның халықаралық консорциумдармен қарым-қатынасын реттеуде негіз болды. Содан бері үш он жылға жуық уақыт өтті, бірақ біздің еліміз осы ӨБК-ге қандай шарттармен қатысатыны әлі күнге дейін құпия күйінде қалып отыр.

Бұдан бұрын Ulysmedia.kz Қазақстан өзінің көмірсутек ресурстарынан неге сонша аз пайда көретінін анықтауға тырысқан.