БРИКС саммиті: Тоқаев азық түлік тасымалына саясатты араластырмауға шақырды

Ғалиасқар Думан

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС 15-ші саммиті аясында өтіп жатқан «БРИКС Плюс» форматындағы мемлекет басшылары диалогының отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Қазақстан ұйымның негізін қалаушылардың бірі ретінде, өзінің төрағалық ету кезеңінде ШЫҰ-ны алдымыздағы сын-қатерлерге төтеп беретін анағұрлым тиімді алаңға айналдыруды көздеп отыр. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы көпжақты қарым-қатынасты және өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықты дамытуда мол тәжірибе жинады», - деді отырыста Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, мемлекеттер «бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің БҰҰ Жарғысына негізделген лайықты формуласын іздеуі керек». Осы мақсатта Тоқаев биылғы ШЫҰ саммитінде «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастама көтергенін атап өтті.

«Бұл бастама жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау ісін ілгерілетуге, сондай-ақ анағұрлым рационалды әлемдік саяси және экономикалық тәртіпті қалыптастыруға бағытталған», - деді ол.

Президент Қазақстан барша серіктестерді «Солтүстік-Шығыс» пен «Шығыс-Батыс» көлік дәліздеріне қатысты экономикалық, сауда, көлік және инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақыржды. Аса маңызды «Бір белдеу – бір жол» бастамасын толықтыратын Транскаспий халықаралық көлік дәлізі сауда саласындағы ынтымақтастыққа кең мүмкіндік ашатынын атап өтті. Мұндай ықпалдастық өңіраралық сауда-саттықтың дамуына және біздің аймақтардың көлік-транзит әлеуетін толық танытуға септігін тигізетінін жеткізді.

«Осы жағдайға байланысты азық-түлік қауіпсіздігі де жаһандық күн тәртібінде айрықша маңызға ие бола бастады. Бүгінде әлемдегі азық-түлік өндіруші төрт ірі елдің үшеуі – БРИКС мүшелері. Ал БРИКС елдерінің ауыл шаруашылығы саласындағы ЖІӨ-нің жиынтық мөлшері әлемдік көрсеткіштің жартысынан асады. Елдеріміз арасындағы азық-түлік теңгерімсіздігін азайту үшін тиісті шаралар қабылдауымыз қажет. Біз әлемдегі азық-түлік пен тыңайтқыш жеткізу ісіне саясатты араластырмай, оларды кез келген санкциялар мен шектеулер ықпалынан босатуымыз керек», - деді ол.