Өзі би, өзі қожа: Қазақстан зауыттары неліктен бразилиялық фермерлерді жарылқап отыр

Ғалиасқар Думан

Қант өндірісінде биыл да жағдай мәз емес. Жұртты қант үшін жаға жыртысуға дейін жеткізген былтырғы тапшылықтан кейін шенеуніктер ауысты, бағдарламалар жазылды, қыруар қаржы бөлінді. Бірақ өткен жылғы дүрлігу шенділерге сабақ болмаған сияқты.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Дәстүрлі түрде қызылша өсірілетін оңтүстік аймақтарда – егін алқаптары қурап жатыр, фермерлер шығынға батқандарын айтуда, ал үкімет тағы да су тапшылығынан туындаған шығындарды өтеуге уәде беріп отыр.

Ауыл шаруашылығы министрі фермерлер қызылшаны уақытында сепкенін, сапалы тұқымдар пайдаланылғанын, жер уақытылы тыңайтылғанын алға тартты, бірақ егін өнімділігінің басты шарты – суармалы су тапшылығы еңбекті еш кетірді.

- Вегетациялық кезеңде құрғақшылық пен суармалы судың жетіспеушілігімен байланысты қиындықтар туындады, бұл дақылдардың жай-күйіне әсер етті, - деді Ербол Қарашөкеев.

Экология және табиғи ресурстар министрі жағдайдыңкүрделі екенін мойындап отыр, бірақ бұл үшін суға жауапты өз ведомствосын немесе өзін емес, егін шаруашылығы талап ететіндей мөлшерде ерімей жатқан мұздықтарды кінәлады. 

- Қант қызылшасы мәселесі өзекті болып тұр. Ол суды өте көп қажет етеді, іс жүзінде біз оны қазан айына дейін суаруымыз керек. Сондықтан күрделі жағдай тек су тапшы болғандықтан ғана емес, сонымен бірге бұл сала суды көп қажет ететіндіктен туындады, – деп есептейді Сүлейменова.

Ulysmedia.kz тілшісі жағдайды талдап, министрлердің бұл мәселені ертерек талқылауына, нені және қайда өсіру керектігін әу баста келісуіне не кедергі болғанын анықтауға тырысты. Неліктен Сүлейменова су тапшылығы жайлы болжамдарды, ерімейтін мұздықтар жайлы долбарларды көктемде егін науқаны басталмай тұрып ескертпеді?

Бір ғана Жамбыл облысында қант қызылшасы егілген бір жарым мың гектар алқап құрдымға кетті.

Президент мырза, мәселені шешіңіз

Ал фермерлер өз кезегінде президент Тоқаевтың 2026 жылға қарай отандық қызылша қантының үлесін алты есе арттыру жөніндегі тапсырмалары орындалмағанын мәлімдеді. Олар сөзімізді тыңдайды және банкроттыққа жеткізбейді деген үмітпен мемлекет басшысына хат жазып, бұл сала бір жыл бұрын монополияланғанын және сол күйінде қалғанын, ал қант зауыттарының басшылары жергілікті диқандарды емес, бразилиялық фермерлерді қолдайтынын жеткізді.

- Қарапайым мысал: үкімет қант зауыттарына шикізат сатып алуға 25 млрд теңге пайызсыз несие бөлді. Олар өздерінің қызылша өсірушілерінен шикізатты әлемдегі ең төмен бағамен - тоннасына 15 000 теңгемен сатып алады. Ал бразилиялық фермерлерден шикі қантты үш есе қымбат сатып алады. Қызылша қантының өзіндік құны 275 теңге, ал қамыс қантының құны – 440 теңгеден жоғары. Ғалымдар басқа цифрларды негіздегенімен, қант қызылшасының 1 тоннасы 25 000 теңгеден кем болмауы тиіс, - деп түсіндіреді фермерлер президентке.

Диқандар ел зауыттары неліктен жергілікті шаруаларға бразилиялық фермерлерге қарағанда 3 есе аз төлейтінін және шикі қант тікелей неліктен Нью-Йорк биржасынан емес, оффшорлық компаниялардан сатып алынатынын түсінбей дал.

Зауыт иелері кім

- Қазақстан зауыттарды жаңғыртуға миллиардтаған теңге бөлді, ал олар әлі де кеңес өкіметі кезінде орнатылған ескі жабдықтармен жұмыс істейді, – дейді қызылша өсірушілер.

2005 жылы қант нарығын Рахат Әлиев монополиялады. Ол елден қашып кеткеннен кейін, оның мүлкі – қант зауыттары заң бойынша мемлекет меншігіне өтуі керек еді. Бірақ олар "Орталық Азия қант корпорациясы" деп аталатын серіктестікке берілді. Компанияның юрисдикциясына барлық маңызды қант активтері өтті – "Қант" АҚ, "Алматы Қант" АҚ, "Алматы қанты" АҚ, "Азия Қант" АҚ және "Көксу - Шекер" АҚ. Бұл жүйе Ахметжан Есімовке бағынышты Delta Bank банк бақылауына берілді. Нәтижесінде шаруашылықтар қант қызылшасын егуді мүлдем тоқтатты.

2017 жылы қант зауыттары Нұрлан Төлебаевқа берілді. Фермерлердің сөзінше, ол үлкен мемлекеттік субсидиялардың арқасында қант өнеркәсібін қайта жандандыра бастаған, бірақ 2019 жылы ол сотталып, түрмеге жабылды. Қазір зауыттарды кім басқаратынын диқандар білмейді.

- Біз бұл сұрақты әртүрлі деңгейде көтердік – оған жауап алған жоқпыз. Бұл ретте қант зауыттары монополистке айналды және олар шикізатты сатып алуда қатал шарттарды белгілеп қана қоймай, фермерлерге айыппұл санкцияларын да қолданады. Монополияға қарсы комитет олардың қызметіне араласпайды, олар монополистер тізілімінде жоқ, яғни ресми түрде Қазақстандағы қант нарығында монополия жоқ деп мәлімдейді, –  деп ашуланады фермерлер.

- Республикада жұмыс істеп тұрған төрт қант зауытының құрылтайшылары әртүрлі, тек Меркі қант зауытының меншік иесі өзгерген жоқ. Тараз қант зауытына келетін болсақ, ақпан айында меншік иесі өзгерді, ал қазіргі уақытта оның құрылтайшысы – "АгроТрейдВосток" компаниясы. Қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы құпияның шетін ашқанымен, фамилияларды атамады. 

Қант зауыттарының жаңа иелері туралы премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Үкімет кулуарындағы мәлімдемесінен кейін есімдердің бірін анықтауға мүмкіндік туды. Оның айтуынша, Меркі және Тараз қант зауыттарын ресейлік компания сатып алған, журналистер оған Тимур Құлыбаевқа тиесілі "К-Агро Холдинг" ЖШС-тің тікелей қатысы бар екенін анықтады.

Қарапайым шешімдер

Фермерлердің айтуынша, қант монополистері Қазақстанның төрт ірі қант зауытын - Алакөл, Бұрындай, Қарабұлақ және Шу зауыттарын құрдымға жіберген. Мысалы, Қарабұлақ қант зауыты 2007 жылға дейін тәулігіне 900 тоннаға дейін қант шығарды және республиканың қажеттілігін 70%-ға жабуға қауқарлы болды, бірақ кәсіпорынды жауып тынды. Жаңасын салу үшін кем дегенде 350-400 миллион еуро қажет. 

Қант саласын жан бітіріп, жұмыс істеп тұрған зауыттарды құрдымнан сақтау үшін ауыл тұрғындары Тоқаевтан қант зауыттарын мемлекет меншігіне алуды, шикізатқа сатып алу бағасын көтеруді және шикі қантқа баж салығын енгізуді сұрайды. Сондай-ақ, олар бұл мәселелер шешілмейінше, қант зауыттары монополистер тізіліміне енгізіліп, наурыз айында қол қойылған келіспеушіліктер хаттамасын ескере отырып, сатып алу шарттарын қайта жасасуы керек деп санайды.

Мемлекет басшысы қызылша өсірушілердің ұсынысына қаншалықты мән беретіні белгісіз, бірақ жақын арада оған Сүлейменова мен Қарашөкеетен  су тапшылығына байланысты диқандарға келген шығынды өтеуге бағытталатын сомалар туралы ұсыныс түсетіні анық. Президент өтемақы төлеуге келісуі мүмкін – мұндай жағдайда адамдарды көмексіз қалдыруға болмайды. Министрлер ұсақталмай, ірі-ірі сомаларды ұсынары сөзсіз – өздерінің сауатсыздығы мен қабілетсіздігі үшін өз қалталарынан емес, ел қазынасынан төлейді емес пе.