Жақсыбек Құлекеев жаңа қызметке сайланды

Ғалиасқар Думан

Жақсыбек Құлекеев оқу-ағарту министрлігі жанынан құрылған ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

iqaa.kz

Бұл туралы Астанада өтіп жатқан республикалық тамыз кеңесінде министр Ғани Бейсембаев мәлім етті.

«Күні кеше отандық білім беру саласына еңбегі сіңген, беделді азаматтардың басын қосып, Министрлік жанынан Республикалық ардагерлер Кеңесін құрдық. Кеңес мүшелерінің ашық дауыс беруі нәтижесінде әріптесім, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Құлекеев Жақсыбек Әбдірахметұлы төраға болып сайланды»,  – деді ол.

Бейсембаев мұндай кеңестер елдің әр өңірінде құрылуы тиіс екенін айтты.

Айта кетейік, Жақсылық Құлекеев әр жылдары Ұлттық статистика агенттігінің төрағасы, Экономика министрі, Экономика және сауда министрі, Республикалық бюджеттің орындалуына бақылау жасау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы, Білім және ғылым министрі лауазымдарын атқарған.

2008 жылдың сәуір айында Жақсыбек Құлекеев («Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын басқарған тұста) 100 мың доллар көлемінде пара алды деген айыппен қамауға алынған болатын. Қызмет бабын асыра пайдалана отырып жасаған заңсыздықтары үшін кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

2009 жылдың қазан айында Алматы қаласының Жетісу аудандық соты «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Жақсыбек Құлекеевті мерзімінен бұрын шартты түрде босату жөнінде шешім шығарды.