Ұлттық банк 3 жылда алғаш рет базалық мөлшерлемені төмендетті

Ғалиасқар Думан

 Елімізде базалық мөлшерлеме төмендеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

«Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Шешім Ұлттық Банктің жаңартылған болжамдары, деректерді талдау және инфляция тәуекелдерінің теңгерімін бағалау негізінде қабылданды», – делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Көптеген елде орталық банктердің баға тұрақтылығын қамтамасыз ету саясаты нәтиже беріп, инфляция баяулай бастағаны атап өтілген.

«Алайда инфляцияның орнықты болып қалу себебінен мөлшерлемені төмендету мерзімі дамыған елдерде кейінге қалды. Әлемнің азық-түлік нарықтарында баға мен логистикалық шығындар төмендеп келеді. Дегенмен экономика ішінде кеңейіп келе жатқан фискалдық ынталандыру, орнықты ішкі сұраныс, жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулер, сондай-ақ өндіріс шығындарының өсуі жағынан проинфляциялық қысым сақталып отыр. Жанар-жағармай (ЖЖМ) құнын өсіруден орын алған жанама әсер байыпты көрініс алуда, бұл теңге бағамының динамикасымен ішінара өтелуімен байланысты», – деп мәлім етті банк.

Ұлттық банк нақты инфляция мен оның орнықты бөлігі одан әрі бәсеңдеген сайын базалық мөлшерлемені біртіндеп және байыпты төмендету саясаты жалғасатынын жеткізді. 

Естеріңізге сала кетейік, 16,75% базалық мөлшерлеме 2022 жылғы 6 желтоқсаннан бастап қолданыста болды. Соңғы рет Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 2020 жылғы 20 шілдеде төмендетті.