Ресей тергеушілері Евгений Пригожиннің өлімін растады

Ulysmedia

Ресей Федерациясының Тергеу комитеті Евгений Пригожиннің қайтыс болғанын растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөз

«Тверь облысында болған ұшақ апатын тергеу аясында молекулалық-генетикалық сараптамалар аяқталды. Олардың нәтижелері бойынша барлық қаза тапқан 10 адамның жеке басы анықталды, олар ұшу парағында көрсетілген тізімге сәйкес келеді», - делінген министрлік хабарламасында.

23 тамызда Тверь облысында “Вагнер” жеке әскери компаниясының негізін қалаушы Евгений Пригожинге тиесілі жеке ұшақ апатқа ұшырады.

Еске салайық, Вагнер ЖӘК негізін қалаушы Евгений Пригожин 23 маусым күні кешке бүлік шығарған болатын. Жалдамалылар Дондағы Ростовқа кіріп, Мәскеуге «әділет жорығын» бастады. 24 маусым күні кешке Александр Лукашенконың Путиннің атынан Пригожинмен келіссөз жүргізгені белгілі болды. Осы уақытқа дейін қылмыстық іс қозғалған Пригожин Беларуське «кете алады» деп жарияланды. Вагнер ЖӘК негізін қалаушы жорықтың тоқтатылғанын, ал жалдамалылардың «жазғы лагерьлерге» қайтып бара жатқанын айтты.

24 маусымда Путинмен телефон арқылы сөйлескен Тоқаев жалғасып жатқан көтерілісті Ресейдің «ішкі ісі» деп атады. Ал 25 маусымда Лукашенко Қазақстан Республикасының бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа телефон соғып, онымен Қазақстан-Беларусь қарым-қатынасын талқылады.

Ресей Федерациясы Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Пригожин мен Ресей билігі арасындағы келісім аясында ЖӘК құрылтайшысына қатысты іс тоқтатылатынын айтты. 26 маусымда істі қозғаған Бас прокуратура мен ФСБ оны тергеуді жалғастырып жатқаны белгілі болды. Алайда 27 маусымда Ресей ФСБ Пригожиннің қарулы көтерілісіне қатысты істің жабылғанын мәлімдеді.