Мектепте таяқ жеген 5-сынып оқушысы көз жұмды

Ulysmedia

Түркістанда мектепте таяқ жеген 5-сынып оқушысы көз жұмды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

ktk.kz-ның мәліметінше, өткен жұма күні мектепке кеткен оқушы сабақтан соққы жеп келген. Денесі ауырсынып, демалыс күндері дәрінің көмегімен әрең жүріпті. Ал дүйсенбі күні ауырып тұрса да, мектепке кеткен бала үйге келісімен тағы құлайды. Әдетте ешкімге шағымданбайтын Рамазан сол күні әжесіне сотқар сыныптасынан таяқ жегенін айтқан.

«Оны дәретхананың ішінде ұрыпты. Дәретханаға кіргенде бұл да кіріп ұрған. Басынан қатты соққы алған. Қан ұйыпты басына, одан кейін тамыры қысылып қалған деді. Бүйрегі де ісіп кеткен. Сот0ар балалар жуас балалардан тиын-тебен алады екен. Ана бала: «мен осы сыныптың атаманымын» дейді екен. Соған енді ақша беру керек екен. Қазір сонда әлімжеттік боп тұр ғой», - дейді марқұмның әжесі Гүлнар Маханова.

Рамазан оқыған №18 мектеп-гимназияда әлімжеттік көп орын алады деген әңгіме ата-аналар арасында көп айтылады екен. Бірақ мектеп директоры оны жоққа шығарды. Тіпті  ата-аналармен жиналыс та өткізіпті. Бірақ ол отырыста сыныптағы сотқарлық туралы сөз болмаған.

Ж.Еділбаев атындағы мектеп-гимназияның директоры Уәлихан Бесімбаев көз жұмған баланың сынып жетекшісін ауыстырып, қаталдау, талапшыл сынып жетекшісін қою туралы ұсыныс айтылғанын айтты.

Мектептің іші-сыртына түгел бейнебақылау камерасы орнатылған. Бірақ жұма күні дәретхана маңындағы камера істен шыққан. Бұл іске қазір полиция араласып жатыр.

«Түркістан қаласының полиция басқармасының қызметкерлерімен тексеру жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Сараптама қортындысы бойынша заң шеңберінде нақты шешім қабылданады», - дейді Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.

Құрсақта жатқанда әкесіз қалған Рамазанды әжесі бауырына басып, өз ұлындай өсірген екен. Енді небәрі он жасар немересінен айырылған әжесі құзырлы орындардың барлығына шағым түсірмек.