Қазақстандықтардың 90%-ының жан басына шаққандағы табысы 151 мың теңгеден аспайды

Ғалиасқар Думан

Қазақстан Ұлттық банкі тамыз айындағы ақша-кредит саясаты туралы баяндама жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Есепке сүйенсек,  2022 жылы халықтың жан басына шаққандағы орташа табысы айына 154 мың теңгені құрады, бұл ретте медианалық табыстың шамасы 2,5 есе төмен болып шықты – 63 мың теңге.

Ал 2023 жылдың бірінші тоқсанындағы деректер бойынша қазақстандықтардың 90%-ының жан басына шаққандағы орташа табыс айына 151 мың теңгеден аспайды.

"Жан басына шаққандағы орташа табыс – бұл отбасының жиынтық табысының айына әрбір мүшесіне келетін үлесі. Кірістерді бөлудегі теңсіздікті көрсететін Джини коэффициенті 2021 жылдан бастап Қазақстанда теңсіздік дәрежесі айтарлықтай төмендегенін көрсетті. Халықтың неғұрлым бай және кедей топтары арасындағы табыстардағы ең төменгі айырма екі мұнайлы өңірде (Маңғыстау және Атырау облыстары), сондай-ақ табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен (Түркістан, Қызылорда облыстары және Шымкент қаласы) халық саны көп облыстарда байқалады", - деп хабарлады Ұлттық банк.

Сонымен қатар сарапшылар жалақының ең жоғары деңгейі аймақтағы ақшалай табыстың жоғарылауына әкелмейтінін атап өтті.

Мысалы, Атырау және Маңғыстау облыстарында жалақы жоғары бола тұра халықтың ақшалай табысы ел бойынша ең төменгі деңгейде.

Айта кетейік, бұдан бұрын елімізде 355 мыңнан астам бала кедейлік шегінде өмір сүріп жатқаны хабарланған.

Қазақстан инфляция деңгейі жөнінен ЕАЭО елдерінен алда тұр. Мамыр айының қорытындысы бойынша Қазақстанда бағаның жылдық өсуі 14,6 пайызды құрады. Ал Қырғызстанда небәрі 10,5 пайыз.

Жуырда депутат Мәди Тәкиев қазақстандықтардың жалақысының күнделікті қажеттіліктерінен артылмайтынын мәлімдеген.

Ал оның әріптесі Елнұр Бейсенбаев халықтың орташа табысы мен қымбатшылық жайлы ресми статистика шындыққа сай келмейтінін айтты.