Биылғы күздің бірінші күнінде Қазақстан мектептерінде оқу жылының басталуын жариялаған алғашқы қоңырау ғана емес, елдің билік құрылымдарындағы декорациялардың өзгеруі де жұрт назарында болды. Президенттің жарлығына сәйкес, оның әкімшілігі қайта құрылды және жойылған лауазымдардың орнына президенттің көмекшілері позициялары пайда болды. Ulysmedia.kz жаңа креслоларға кім отырғанын және ескі де жаңа тағайындаулардан қандай өзгеріс күтуге болатынын сараптап көрді.
Көмекке!
Сонымен, 1 қыркүйектен бастап президенттің 5 көмекшісі пайда болды: ішкі саясат және коммуникация мәселелері бойынша; экономикалық мәселелер бойынша; халықаралық мәселелер бойынша; құқықтық мәселелер бойынша; ғылым және инновация мәселелері бойынша.
Алғашқы үш орын кімге бұйырғаны мемлекет басшысының жарлығынан кейін бірден белгілі болды. Президенттің ішкі саясат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі көмекшісі – президенттің бұрынғы баспасөз хатшысы Руслан Желдібай, халықаралық мәселелер бойынша – Ержан Қазыхан, құқықтық мәселелер бойынша – Ержан Жиенбаев болды. Негізінде, үшеуі де бұған дейін дәл сол бағыттар бойынша Президент әкімшілігі басшысының орынбасарлары қызметін атқарған. Сондықтан бұл тағайындаулар сенсация бола қойған жоқ.
Келесі екі тағайындау әлдеқайда қызықты көрінді.
2 қыркүйекте Қазақстан президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісінің есімі белгілі болды. Бұл лауазымға Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің бұрынғы басшысы Әсет Ерғалиев тағайындалды. Бірақ, мемлекет басшысының ғылым және инновация мәселелері бойынша бесінші көмекшісінің есімі осы мақаланы жазу кезінде әлі аталмаған.
Жалпы, президенттің көмекшісі лауазымы президенттің кеңесшісі лауазымынан жоғары. Функцияларының аясы кең – көмекшілер аналитикалық материалдар мен ұсыныстар дайындайды, президенттің жұмыс жоспарларын жасайды, кездесулер, келіссөздер мен кеңестер ұйымдастыруға көмектеседі, Президент жанындағы консультативтік органдардың қызметін қамтамасыз етеді және т.б. Іс жүзінде бұл белгілі бір мәселелер бойынша елдің бірінші басшысының "орынбасарлары".
Қасым-Жомарт Тоқаевтың көмекшілерінен қарапайым қазақстандықтар не күте алады?
Ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі көмекші
Руслан Желдібайдың есімін еліміздің медиа саласы өкілдері тегіс біледі, өйткені ол өткен жылы президенттің баспасөз хатшысы қызметін атқарды. Журналистік ортада ол ұқыптылығымен және дипломатиясымен танымал. Ақорданың белді өкілі бола тұра ол өзін қарапайым ұстады, іс жүзінде мемлекет басшысының көлеңкесі болды. Сондықтан ол туралы ресми өмірбаяндық мәліметтер ғана белгілі және көз ілеспес жылдамдықпен өрлеген мансап жолына қанықпыз.
Руслан Желдібай 1989 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін, сондай-ақ Уорвик университетін (Ұлыбритания) бітірген. Жас шенеунік – "Болашақ" бағдарламасының түлегі.
Алғаш рет өткен жылдың ақпан айында ҚР премьер-министрі кеңсесі басшысының орынбасары болып тағайындалғаннан кейін өзін танытты. 2022 жылдың сәуірінде президенттің баспасөз хатшысы болды. Осы жылдың қаңтар айында Тоқаев оны өз әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне тағайындады.
Желдібай президент пен баспасөз арасында тас перде орнатпайды деп үміттенеміз, ал бұған негіз бар – оның көмегімен Тоқаевтың Қытайға сапары кезінде алғаш рет журналистік пулда тәуелсіз БАҚ өкілдері де болды.
Құқықтық мәселелер жөніндегі көмекші
Бұған дейін Президент әкімшілігі басшысының орынбасары лауазымында құқықтық бағытқа жетекшілік еткен Ержан Жиенбаев туралы да көп ақпарат жоқ.
Шенеуніктің мансабы тез өсе қоймады, бірақ оның жасындағы адам үшін мақтануға тұрарлық жетістік.
Ержан Жиенбаев 1981 жылы Алматыда дүниеге келген. "Тұран" университетін бітіріп, "заңгер" мамандығын алды. 2002 жылы ҚР Қаржы министрлігінің қызметкері болды, онда 2005 жылға дейін жұмыс істеді.
2005 жылдан 2012 жылға дейін Қазақстан Республикасы премьер-министрінің кеңсесінде мансап сатысымен ілгерілей берді. Аға сарапшы лауазымынан бастап, алдымен бас сарапшы, содан кейін бас кеңесші, сектор меңгерушісі, кейінірек заң бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды.
2012 жылы премьер-министр кеңсесінің заңнама, қорғаныс және құқықтық тәртіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. 2013 жылы премьер-министр кеңсесінің заң бөлімін басқарды. Бұл қызметте ол 2019 жылдың шілдесіне дейін жұмыс істеп, премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары дәрежесіне көтерілді.
Мансаптық серпіліс 2019 жылдың қазан айында Ержан Жиенбаев президент әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалған кезде болды.
1 қыркүйектен бастап ол президенттің көмекшісі ретінде құқықтық мәселелерге жауап береді.
Халықаралық мәселелер жөніндегі көмекші
Президент көмекшілерінің ішіндегі ең егдесі – қазақстандық дипломатияның тісқаққан маманы Ержан Қазыхан.
Ержан Қазыхан 1964 жылы 21 тамызда Алматыда дүниеге келген. 1987 жылы Ленинград мемлекеттік университетін "тарихшы-шығыстанушы" мамандығы бойынша, сондай-ақ КСРО Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын және Үндістанның Халықаралық қатынастар институтын бітірген. I класты Төтенше және өкілетті елші дипломатиялық дәрежесіне ие, төрт тілді: қазақ, орыс, ағылшын және араб тілдерін меңгерген.
Мансабын 1989 жылы бастады, Қазақ КСР сыртқы істер министрлігінің протоколдық-саяси бөлімінің екінші хатшысы болды. Тәуелсіз Қазақстанда сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік хаттама басқармасы бастығының орынбасары, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді.
Ержан Қазыхановтың тұтас еңбек жолы дипломатиямен байланысты болды. Ол БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдіктің бірінші хатшысы, кеңесшісі, Сыртқы істер министрлігінің көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры, БҰҰ жанындағы ҚР Тұрақты өкілі, Қазақстан Республикасының Куба Республикасындағы, ал Австрия, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландияның АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті елшісі болды. Әр жылдары сыртқы істер министрінің орынбасары, чыртқы істер министрі, ҚР президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі қызметтерін атқарды.
Бір қызығы, шенеунік президенттің көмекшісі қызметін үшінші рет атқармақ. Ол бұл лауазымға алғаш рет 2008 жылы тағайындалды, бірақ небары 10 ай жұмыс істеді. 2012 жылы дәл осы қызметте екі жыл жұмыс істеді.
Басқа-басқа, сыртқы саясатта Қазақстан көп мемлекетке үлгі бола алады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби дипломат екені көпке мәлім. Алайда, командасындағы халықаралық жағдайларға соны көзқарасы бар көмекші оған да кедергі болмасы анық. Ержан Қазыханның көзқарастарының бірегейлігін оның өмірбаянындағы екі эпизод бойынша бағалауға болады.
2012 жылы бүкіл қазақстандық жұртшылық Голливуд режиссері Саша Барон Коэнге "Борат" фильмі үшін қаһарын төгіп жатқан кезде Ержан Қазыхан даулы киноға философиялық тұрғыдан қарауды ұсынды. Қазыхановтың айтуынша, фильмді шетелде прокаттау кезінде ол Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі болған және таспа шыққаннан кейін оның артынан "журналистер тобы" жүгірген. Президенттің көмекшісі бұл оқиғадан кемшіліктен гөрі игілік көруге тырысты.
- Осы фильмнің шығуымен Қазақстанға берілген визалар саны 10 есеге өсті! Бұл - біз үшін үлкен жеңіс. Мен Боратқа Қазақстанға туристерді тартуға көмектескені үшін ризамын, - деді ол.
Экономикалық мәселелер жөніндегі көмекші
Әсет Ерғалиевті 2021 жылы жұрт ең жас министр деп атады. Ол 35 жасында ұлттық экономика министрі болды. Кейінірек оның рекордын экс-экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова жаңартты. Десе де "жастар-билікке" қозғалысының ізашары – президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі жаңа көмекшісі болды.
Әсет Ерғалиев 1986 жылы Қостанайда дүниеге келген. Ол КИМЭП-ті бітіріп, мемлекеттік саясат экономикасы саласында бакалавр дәрежесін алды. Сондай-ақ Халықаралық экономика саласындағы ғылым бакалавры дәрежесімен Йонкопинг Халықаралық бизнес мектебін (Jönköping University, Швеция), Экономика саласындағы ғылым магистрі дәрежесімен Йорк университетін (The University of York, Ұлыбритания), экономикадағы философия магистрі дәрежесімен Ноттингем университетін (The University of Nottingham, Ұлыбритания) бітірген.
Cондай-ақ, Әсет Ерғалиев Лондон университетінен (The University of London, Ұлыбритания) экономика мамандығы бойынша PhD дәрежесін алып шықты.
Ерғалиевтің мансабы Лондондағы Еуропалық даму және қайта құру банкінің (ЕҚДБ) экономикалық департаментінде Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия бойынша өңірлік экономист лауазымынан басталды. Содан кейін мемлекеттік аппарат жүйесінде мансап баспалдағымен жоғары өрлей берді.
2013 жылдың қаңтарынан 2016 жылдың маусымына дейін Кәсіпкерлікті дамыту орталығының директоры, басқарма төрағасының орынбасары, ұлттық экономика министрлігі экономикалық зерттеулер институтының басқарма төрағасы қызметтерін атқарды. Кейінірек Ерғалиев "Бәйтерек "ҰБХ" АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі лауазымына ие болды, бірақ екі айдан кейін қызметінен кетіп, премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың кеңесшісі болды.
2018 жылы үкіметті Асқар Мамин басқарған кезде Ерғалиев ұлттық экономика вице-министрі болды. 2021 жылдың қаңтарында ұлттық экономика министрлігін басқарып, Қазақстандағы ең жас министр болды. 2022 жылдың 6 қаңтарынан бастап стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін басқарды. 2 қыркүйектен бастап ҚР президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі.
Бір сұхбатында Ерғалиев елге кәсіби мемлекеттік аппарат қажет екенін айтқан еді.
- Мемлекеттік аппаратта да елеулі реформалар қажет екені көпке мәлім. Еліміздің және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүдделі шенеуніктердің құзыретті аппаратын қалыптастырмай, біз нәтижеге қол жеткізе алмаймыз.
Шынында да, көмекшілердің жұмысы аз емес, олар өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарады деп үміттенейік.