Каспий таязданып барады: теңізді тереңдетуге ондаған миллиард қаржы керек

Ғалиасқар Думан

"Қазгидромет" мамандары 6-7 жылда Каспий теңізінің деңгейі жылына 23 см-ге төмендей беретінін ескертті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, Ақтау және Құрық порттарында акваториядағы тереңдікте және жақындау арнасында өткір мәселе туындай бастағанына байланысты кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тереңдету жұмыстарын жедел жүргізу қажет.

"Алдын-ала есептеулер бойынша тереңдету жұмыстарының құны 40,4 млрд теңгені құрайды. Жобалық құжаттама әзірленгеннен кейін нақтылау қажет болады. Жобаны іске асыру мерзімі 2023-2025 жылдарға жоспарланған. Бүгінгі таңда қаржыландыру көзі мен механизмі анықталуда", - делінген ведомство хабарламасында.

Порт жағалауының қазіргі тереңдігі орташа есеппен 4,9 метрді құраса, стандартты навигация деңгейі 6,11 метр. Бұл кемелерді тек 75 пайызға ғана тиеуге мүмкіндік береді. Тереңдету жұмыстары аяқталғаннан кейін кемелер толығымен тиеледі. Бұл қазақстандық порттар арқылы жүк айналымын 25-30 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұдан бұрын Каспий теңізінің тартылуына байланысты Ақтауда жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

Экс-министр Сүлейменова теңіздің тартылу себебін түсіндірген.