ШҚО-да Ленин ескерткіші құлатылған ауданның әкімі қызметінен кетті

Ғалиасқар Думан

Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданының әкімі Ернар Мұстафин өз еркімен қызметінен кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

yk-news.kz

Ауданды небары 1 жыл басқарған Ернар Мұстафин Facebook парақшасында жергілікті тұрғындармен қоштасты.

"Құрметті Алтай өңірінің тұрғындары! Мен Алтай аймағының әкімі ретіндегі жұмысымды аяқтап жатырмын. Қызметімде тез, кейде төтенше шешімдер табуға тырыстым және әрқашан сіздердің қолдауларыңызды сезіндім. Өңірде қордаланып қалған кейбір мәселелер шешімін тапты. Басқаларын жою үшін біраз уақыт қажет", - деп жазды ол.

Сонымен қатар ол ардагерлер кеңесіне, депутаттарға, БАҚ өкілдеріне, кәсіпкерлерге, әріптестерге және барша тұрғындарға қолдауы үшін алғысын білдірді.

"Жалпы маған тамаша адамдармен, әріптестеріммен жұмыс істеу бақыты бұйырды. Сіздерге алдағы уақытта да облыс тұрғындарының игілігі үшін идеялар мен жобаларды жүзеге асыруға шын жүректен тілектеспін. Алтайда жұмыс істеген кезең менің есімде жақсы сақталады. Баршаңызға зор денсаулық, амандық, сәттілік, ал ауданға одан әрі өркендеу тілеймін", – деді Ернар Мұстафин.

Еске салайық, бұдан бұрын Шығыс Қазақстан облысы Алтай қаласында Ленин ескерткішінің құлауына байланысты тергеу жүріп жатқаны хабарланған.

15 тамыздан бастап Алтай ауданының орталық алаңында қайта жаңғырту жүргізіліп жатыр. Жобада Ленин ескерткішін жаңарту да қарастырылған. Ескерткіш тұғыры бөлшектелген. Мердігердің айтуынша, тұғыр мүсінге зақым келтірмеуі үшін алып тастауды ұсынған. Алайда жұмыс барысында ескерткіш "өзі құлаған".