Тек өмір бойына қамалсын: омбудсмен бала зорлағандардың жазасын қатаңдатуды талап етті

Ғалиасқар Думан

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату үшін Қылмыстық кодекске бірқатар түзетулер енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Зәкиеваның айтуынша, жобада барлығы 10 заңға 55 түзету ұсынылған. Сондай-ақ "Кәмелетке толмаған адамға қатысты зорлық-зомбылық" деп аталатын жаңа бап енгізуді ұсынады. Ол зорлық-зомбылықтың барлық түрлерін қамтуы керек.

Құжат кәмелетке толмағандарға қатысты физикалық зорлық-зомбылық пен қатыгездікке байланысты қылмыстар бойынша тараптардың татуласуын болдырмауды көздейді.

Тек бас бостандығынан айыруды қалдырып, бас бостандығынан шектеуде алып тастау арқылы жазаны қатаңдату ұсынылып отыр.

Сондай-ақ тағы "Кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық-зомбылық" атты жаңа бап енгізу көзделген.

"Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық үшін 15-20 жылға бас бостандығынан айыру немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру, сондай-ақ белгілі бір денсаулық жағдайында ғана тағайындалатын химиялық кастрация жазасы қарастырылған. Шешім – "Зорлау" бабы бойынша жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар үшін жазаны қатаңдату және тек өмір бойына бас бостандығынан айыру", - деп жазды омбудсмен.

Сондай-ақ, ол балаларға қатысты қылмысқа күдіктілердің барлығын тергеу кезінде қамауда ұстау керек деп санайды.

"Сонымен қатар ауа-райына және басқа жағдайларға қарамастан, балаларды қоғамдық көліктен жол жүру билеті болмаған немесе жол ақысы төленбеген жағдайда автобустан түсіретін жағдайлар жиілеп кетті.  Ата-анасына еріп жүрмеген баланы қоғамдық көліктен түсіруге тыйым салуды және ол үшін жауапкершілік енгізуді талап етеміз", - делінген жобада.

Еске салайық, халыққа жолдауында Тоқаев кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді тапсырған.