Тоқаев: Елде тіпті президентке дейін ауысты, бірақ сол баяғы кәсіпкерлер әлі жүр

Ғалиасқар Думан

Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық бизнес өкілдерімен кездесуі өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақорда

«Бизнес-қоғамдастық өзінің жеке сапасы бойынша тұрақты. Елде әкімдер, министрлер, премьер-министрлер ауысып жатыр, тіпті президент өзгерді, бірақ кәсіпкерлер, әсіресе, ірі бизнесте сол баяғы кәсіпкерлер әлі жүр. Бұл еліміздегі бизнес-климаттың тұрақтылығын, кәсіпкерлерге жүргізіліп жатқан саясат пен мемлекеттік қолдаудың жүйелілігін көрсетеді. Бірақ қазір біз мемлекет пен бизнес арасында жаңа «әлеуметтік келісімшарт» жасау туралы айтып отырмыз», - деген Тоқаев кездесуде.

Тоқаевтың сөзінше, мемлекет кәсіпкерлікті дамыту үшін барынша қолайлы жағдай жасайды және жеке меншікті толық қорғауды қамтамасыз етеді. Өз кезегінде, кәсіпкерлер өз міндеттерін – салық төлеу және экономикаға инвестиция салу, жұмыс орындарын құру және өз қызметкерлеріне қолайлы еңбек жағдайларын адал орындайды.

«Мемлекеттік аппарат әрбір бизнесменге заң бұзушы ретінде қарамауы керек. Мұндай ұстаным, түптеп келгенде, басқарудың репрессивті сипатына алып келеді. Мемлекет кәсіпкерлерге көмектесуге міндетті. Тағы да ерекше атап өткім келеді. Көмектесуі керек», - дейді президент.