Сотталған Марғұлан Боранбаевты түрмеде соққыға жыққан: депутат себебін айтты

Ғалиасқар Думан

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи сотталған белсенді Марғұлан Боранбаевты жазасын өтеп жатқан колонияда ұрып-соққанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Оның айтуынша, жақында депутат Бас прокурорға тексеруге жіберген Боранбаевтың мәлімдемесі ұрып-соғуға себеп болуы мүмкін.

Депутат бұл мәлімдемені енді әлеуметтік желілерде жариялау қажет деп санайды. Боранбаев өз хатында Шығыс Қазақстан облысындағы колония әкімшілігі басшылығындағы сыбайлас жемқорлық туралы мәлімдеген.

"Бұл мемлекет тарапынан мекемені және сотталғандарды ұстауға бөлетін азық-түлік, дәрі-дәрмек, басқа да тауарлық-материалдық құндылықтарды жүйелі түрде ұрлау арқылы көрінеді. Мысалы, тәулігіне бір сотталушыға 80 г қант, 170 г ет, 100 г сүт және аптасына 5 дана жұмыртқа бөлінеді. Алайда берілген қант мөлшері 30 грамнан аспайды, ет 70 грамм болуы екіталай, аптасына 5 жұмыртқаның тек 2 жұмыртқасы беріледі, ал тәулігіне 100 грамм сүт мүлдем берілмейді. РММ-17 мекемесінде бір уақытта 800-ден астам адам бар екенін ескерсек, тәулігіне немесе аптасына 800-ге көбейтілген өнім мөлшері бірнеше грамм немесе данамен емес, ондаған килограмм және мыңдаған дананы құрайды. Жыл сайын сотталғандарға берілуі тиіс 100 мың дана мөлшерінде жұмыртқа берілмейді. Сондай-ақ, басқа да өнімдер: балық, тауық еті, көкөністер, жемістер, шырындар, макарон өнімдері және жарма бар, олардың барлығы тәулігіне бір сотталушыға нормамен берілмеудің нәтижесінде жылына жүз миллион теңгеге айналады. Бұл аталған өнімдердің нарықтық бағасымен есептегенде. Бұл қаражат пен өнімдерді мекеме әкімшілігі ұрлап жатқанын мәлімдеймін", - деді Боранбаев.

Оның айтуынша, дәрі-дәрмектерге бөлінген ақша да мақсатты жұмсалмайды. Боранбаев колония мұның бәріне бюджет қаражатын толық көлемде алатынын атап өтті.

"Заттай қамтамасыз ету де мәз емес: мекемеде сотталғандарға спорттық киім мен аяқ киім берілмейді; берілетін төсек-орын және іш киім жиынтықтары, жазғы және қысқы киім жиынтықтары толық емес; сүлгілер, шұлықтар мүлдем берілмейді; әбден тозған матрацтар, жастықтар, көрпелер қайта-қайта жаңа жабдық ретінде беріледі – мұның бәрін 800 және одан да көп сотталғандарға көбейтсек, жыл сайын мыңдаған дана жымқырылады деген сөз: мыңдаған сүлгі, мыңдаған жұп аяқ киім және т.б. Ақшалай есептеуде мұның бәрі жоғарыда аталған заттардың нарықтық құнын ескере отырып, ең қарапайым есептеулер кезінде жылына ондаған миллион теңгені құрайды. Мен бұл қаражатты мекеме әкімшілігі ұрлап жатыр деп мәлімдеймін", - деді сотталған.

Сонымен қатар ол колония аумағындағы ғимараттарды жөндеу кезінде ұрлық туралы айтты. Өз өтінішінде Боранбаев Бас прокурордан түзеу мекемесінде кешенді тексеру тағайындауды сұрайды.

Еске салайық, бұдан бұрын депутат Ермұрат Бапи «Петропавлдағы сепаратистік жағдайға» байланысты былтыр сотталған Данат Намазбаев пен Марғұлан Боранбайдың ісін қайта сұраған еді.

2022 жылдың 14 наурызында Алмалы аудандық соты Марғұлан Боранбай мен Данат Намазбаевты әлеуметтік желілердегі сөздері үшін бес жылға бас бостандығынан айырды. 

Намазбаев пен Боранбай бірнеше рет Ресей саясаткерлерінің Қазақстанға қарсы агрессивті шабуылдарына қарсы шығып, Ресеймен интеграциялық байланыстардың күшеюіне белсенді қарсы болды, сондай-ақ Ресейдің Украинаға басып кіруін сынға алды.