Тағы да қымбатшылық: елімізде қандай тауарлар бағасы күрт өсті

Ғалиасқар Думан

Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жыл басынан бері қалай өскені туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Министрлік ақпаратына сүйенсек, жыл басынан 5 қыркүйекке дейінгі кезеңде 19 түрлі тауардың бағасы орта есеппен 3,4% өскен. Соның ішінде қырықққабат 68,7%, күріш 34,6%, сәбіз 34,2%, айран 11,9%, сүт 11,1%, сары май 10,3%, ірімшік 7,3%, пияз 7,2%, сиыр еті 7%, макарон 6,8%, картоп 4,9%, тұз 3,3%, нан 2,2% қымбаттаған.

Шенділердің есебінде жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік саналатын 6 түрлі тауардың бағасы керісінше түскен. Олар: тауық еті (-1,8%), жұмыртқа (-4,3%), ұн (-6,7%), қант (-10,3%), күнбағыс майы (-14,5%), қарақұмық (-35%).

Жыл басынан бері қырыққабат бағасы, әсіресе, Жезқазғанда (7,8%) қатты өскен. Ал күріш бағасы Астанада (7,2%) артқан.

Сондай-ақ министрлік күріш бағасының кейінгі бес жылдағы өсіміне талдау жүргізіпті. Қазір бір келі күріштің бағасы – 467 теңге. Бұл жыл басынан бері баға 34,6%, бір аптада 1,1% өсті деген сөз. Ал 2022 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда күріш 51,1% қымбаттаған.

Күріш бағасы ең қымбат өңірлер: Ақтөбе облысы (564 теңге), Ұлытау облысы (555 теңге), Алматы облысы (536 теңге).

Айта кетейік, Қазақстан инфляция деңгейі жөнінен ЕАЭО елдерінен алда тұр. Мамыр айының қорытындысы бойынша Қазақстанда бағаның жылдық өсуі 14,6 пайызды құрады. Ал Қырғызстанда небәрі 10,5 пайыз.

Бұдан бұрын Еуразиялық экономикалық комиссия Қазақстандағы инфляцияны төмендету жолдарын ұсынған.