Шымкентте қаланың екі тұрғынына қатысты 4 мың еуро сомасында жалған ақша қаражатын (номиналы 500 еуро банкноталар) сату фактісі бойынша іс аяқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2021 жылы қала банктерінің бірінің қызметкерлері алдын-ала сөз байласу арқылы банк клиенттеріне жалпы сомасы 4 мың еуро жалған ақша купюраларын сатқан. Бұл факті бойынша тергеу жүргізілді, соның нәтижелері бойынша банктің 5 қызметкері кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
"Банк қызметкерлеріне жалған купюралар берген азамат халықаралық іздестіруге жарияланып, ағымдағы жылдың наурыз айында Швецияда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды", – делінген хабарламада.
Маусым айында күдікті мен оның жұбайына қатысты іс сотқа жіберілді.
Сот үкімімен бұл адамдар кінәлі деп танылып, оларға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Айта кетейік, бұдан бұрын Бас прокуратура Швецияның Қазақстанға жалған банкноттарды ірі көлемде сатты деген күдікпен іздеуде жүрген азаматты экстрадициялағанын хабарлаған.