Қазақстанда заңсыз пайда тапқан шенеуніктердің табысы тексеріледі

Ulysmedia

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тиісті заңға бірқатар өзгеріс енгізуді көздеп отыр. Бұл туралы агенттік төрағасының шетелдік елшілерімен өткен басқосуында айтылды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

24.kz-нің мәліметінше, егер заң бекісе, мұндай бақылау жүйесі 2026 жылға дейін толық іске қосылмақ. Сол жүйе арқылы шенеуніктер және оларға теңестірілген азаматтардың табысы мен шығыны толық бақыланады. Қаржылық шығын шенеуніктің декларацияланған табыс көлемінен күрт артса, мол пайданың қайдан келгенін айтуы тиіс. Оның заңсыз жолмен тапқаны анықталса, онда шенеунікке мансаптық санкция салынады. Яғни, 3 жылға дейін мемлекеттік қызметтен шеттетілуі мүмкін.

«Егер мемлекеттік қызметші салық органдарына тиісті құжаттарын көрсетіп, кірістерінің заңды екенін дәлелдей алса, онда ешқандай сұрақтар туындамайды. Ал егер дәлелдей алмаса, егер де қандай да бір құжаттары болмаса, онда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Асып кеткен соммасының 90 пайызы бюджетке аударылады», - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов.

Сондай-ақ, бармақ басты, көз қысты әрекеттерді хабарлаған адамдар қорғауға алынбақ. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңға енгізілетін өзгерістің тағы бір парасы. Біріншіден, жемқорлыққа қатысты қылмыс жөнінде жеткізген жанның жеке тұлғасы құпия сақталуы тиіс. Екіншіден, мұндай деректі хабарлаған адам басшылық тарапынан қысымға ұшырауы бек мүмкін. Алда-жалда қызметкер жұмыстан қуылар болса, онда не себепті шығарылатынын ұжымдық орган отырыста дәлелдейді. Оған міндетті түрде агенттік өкілі шақырылады.