Сот Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Ілияс Өсеровке, ҰҚК Алматы бойынша департаментінің бұрынғы орынбасары полковник Талғат Мұхановқа және қалалық қаржы басқармасының бұрынғы басшысы Айнұр Құдайбергеноваға үкім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ілияс Өсеров аса ірі көлемде алаяқтыққа жәрдемдескені үшін кінәлі деп танылды. Тергеу мәліметтері бойынша, ол Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың отбасынан бұрын тәркіленген бес элиталық жылжымайтын мүлікті төмен бағамен сатуға көмектесті. Мемлекетке келтірілген шығын 819 млн теңгені құрады.
Талғат Мұханов аса ірі көлемдегі алаяқтық туралы бап бойынша кінәлі деп танылды.
Өсеров бес жылға, Мұханов сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Айнұр Құдайбергенова да алаяқтыққа көмектескені үшін кінәлі деп танылып, бес жылға сотталды. Үшеуі де жалпы режимдегі колонияда жазасын өтейді.
Естеріңізге сала кетейік, ұлттық экономика вице-министрі қызметін атқарып жүрген Өсеров сәуір айында қамауға алынды.