"Трейдинг арқылы табыс табасыз": тағы бір қаржы пирамидасы анықталды

Ғалиасқар Думан

Таразда «The Finiko» қаржы (инвестициялық) пирамидасының бөлімшесін құру және оны басқару фактісі тергеліп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар «Thefiniko.СОМ» бағдарламасы арқылы өңір тұрғындарын салымшы (инвестор) ретінде тартқан. Олардың қаражатына (криптовалютасына) әлемдік биржаларда ойдан шығарылған трейдингті жүзеге асырған. Кіріс кейіннен қатысушылар мен ұйымдастырушылар арасында бөлінетіні айтылған.

«2021 жылғы шілдеде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «The Finiko» жобасын ресми түрде қаржы пирамидасы деп таныды.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс шеңберінде бірқатар тергеу амалдары мен тиісті сараптамалар жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесімен қылмыстық іс бойынша процестік шешім қабылданатын болады.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жариялауға жатпайды», – делінген мәліметте.

«The Finiko» қаржы пирамидасының қызметінен зардап шеккендерден Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарласу сұралып отыр.

Айта кетейік, бұдан бұрын Ақмола облысының екі тұрғыны Көкшетау қаласында қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар 40 адамды алдап соққан еді.