Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке қатысты қылмыстық іс жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Самат Әбішке қатысты қылмыстық істі тергеу әлі жүргізіліп жатыр. Бұған дейін Бас прокуратура іске қатысты мәлімет берді. Заң бойынша тергеу аяқталғанша өзге ақпаратты жариялауға болмайды”, – деді Шындалиев.
Бас прокурордың орынбасарының сөзінше, Самат Әбіш қамауға алынбаған, одан тек ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған. Шындалиев оның Қазақстанда екеніне сендірді.
“Қылмыстық істің егжей-тегжейін білмеймін. Лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген айыппен тергеліп жатқанын ғана айта аламын”, – деп мәлімдеді ол.
БАҚ өкілдері ҰҚК-нің бұрынғы басшысы мен орынбасарларына қатысты іс қаңтар оқиғасынан кейін бірден қозғалғанын еске салып, Самат Әбіштің неге тергеуден ұзақ уақыт шет қалғанын сұрады.
“Оған қатысты қылмыстық істің нақты қашан қозғалғанын білмеймін, бірақ тергеу жүргізіліп жатқанына біраз болды”, – деді Шындалиев.
Еске салайық, қаңтардағы тәртіпсіздіктер ісі бойынша сот отырысында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 5-ші департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов Қаңтар оқиғасы кезінде өзіне Самат Әбіш бұйрық бергенін мәлімдеген еді.
Көп ұзамай Бас прокуратура Самат Әбіштің тергеліп жатқанын хабарлады.
Бұдан бұрын депутат Ермұрат Бапи Самат Әбіштің үстінен іс қозғалуына қатысты пікір білдірген.