Қазақстанда тауар сататын интернет-ресурстар «сауда объектілеріне» теңестірілуі мүмкін

Ғалиасқар Думан

Мәжілісте «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Заң жобасы елімізде тауар сату мақсатында пайдаланылатын интернет-ресурстарды «сауда объектілеріне» теңестіруді көздейді. Бұл туралы құжатты таныстырған сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев мәлімдеді.

Оның дерегінше, биылғы 6 айда онлайн саудаға қатысты тұтынушылардың электрондық сауда сегментіне шағымдарының саны 2021 жылға қарағанда 400 пайыз өскен.

«Осыған байланысты заң жобасында тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын және оларға қысым жасайтын талаптаға жол бермеуді бекіту, сондай-ақ құқықтық олқылықтарды жою, атап айтқанда, тауарларды сату мақсатында пайдаланылатын интернет-ресурстарды «сауда объектілеріне» теңестіру ұсынылады», - деді вице-министр.

Балықбаев заң қабылданған жағдайда бизнес субъектілерін ӘҚБтК 193-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартуға болатынын атап өтті.

Айта кетейік, бұдан былай еліміздің сауда нүктелеріндегі таразылар тексерілетін болады.