Дубайдан Алматыға iPhone 15 смартфонының ірі партиясы заңсыз әкелінген

Ғалиасқар Думан

Алматы халықаралық әуежайында iPhone 15 ұялы телефондары контрабандасының жолы кесілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

gov.kz

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 22 қыркүйекте «Дубай-Алматы» рейсін кедендік бақылау кезінде жеке тұлғаның декларацияланбаған 34 дана iPhone 15 телефондарын әкелу әрекетінің жолы кесілді. Телефондардың алдын-ала есептелген кедендік құны – 25,3 млн. теңгені, келтірілген шығын көлемі – 3,1 млн. теңгені құрайды.

“Заң бұзушылықты Алматы қаласының «Жетісу» кеден бекетінің мамандары Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің және ҚР ҰҚК ШҚ «Алматы» шекаралық бақылау басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, Алматы қаласы Авиациялық көлік прокуратурасының үйлестіруімен анықтады. Ұялы телефондар жеке тауарлар санатына жатады және жеке тұлғалар оны кедендік шекара арқылы өткізген кезде олардың саны бір адамға екі бірліктен аспауы тиіс”, – делінген хабарламада.

Тәркіленген тауарлар кедендік рәсімдеуден өту және рұқсат құжаттарын жасату үшін уақытша сақтау қоймасына жіберілді.

Ұялы телефондарды декларациялаусыз әкелуге әрекет жасаған адам ҚР ӘҚБтК-нің 551-бабының 1-бөлігіне сәйкес 103,5 мың теңге (30 АЕК) айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Еске салайық, 22 қыркүйекте iPhone смартфондарының жаңа буынын сату басталды. Жақын арада Қазақстанда да жаңа 15-ші үлгі қолжетімді болады. Көптеген интернет-дүкендерде телефонға алдын-ала тапсырыс беру мүмкіндігі пайда болды. iPhone 15-ті алғашқылардың бірі болып алу үшін қазақстандықтарға қомақты ақша төлеуге тура келеді.