Риддерде қазақ тілін талап еткен белсенділердің үстінен іс қозғалды

Ғалиасқар Думан

Қазақстандық белсенділер Диас Құзайыр, Әділжан Абдіғалиев пен Әділ Юсуповтың үстінен Риддер шенеуніктерінен мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткені үшін қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Әлеуметтік желіде қазақ тілі мәселесін талап етіп, мәселе көтеріп жүрген павлодарлық блогер Диас Құзайыровтың үйін полиция тінтіп, заттарын тәркілеген. Оның және екі әріптесінің үстінен Риддер әкімдігінің төрт қызметкері арыз жазған.

Белсенділер Риддер қаласындағы жалғыз қазақ мектебі "Шаңырақтың" жағдайын біліп, мәселесін көтеру үшін Риддерге барған. Олар әкімдік, мәслихат және Amanat партиясы филиалының қызметкерлерінен қазақ тілінде сөйлесуді талап еткен, алайда олар барлық жерде орыс тілінде жауап берген.

Белсенділердің қазақ тілінде неге олармен сөйлеспейтіні туралы сұрақтарына шенеуніктер "мемлекеттік тілді енді ғана үйрене бастадық" деп ақталмақ болған.

– Менің қағидатым: егер сіз мемлекеттік қызметші лауазымын атқаратын болсаңыз - сіз қазақ тілін білуге міндеттісіз. Олар біздің салықтарымыздан жалақы алады, сондықтан біздің олардан талап ету құқығымыз бар, – деді Диас Құзайыр.

Риддерге сапардан бірнеше күн өткен соң Диас Құзайырдың үйіне полиция қызметкерлері келіп, тінту жүргізген. Одан ноутбук пен телефон тәркіленіп, оның қылмыстық іс бойынша айыпталушы болғанын хабарлаған.

Бұған дейін “Риддердегі жалғыз қазақ мектебі жабылды” деген ақпарат тараған еді. Мәселе – мектептің 1936 жылы салынған ғимаратта оқығандығында. Оқу-ағарту министрлігі “мектеп жабылды” деген әңгімені жоққа шығарды. Министрліктің білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасы Ернұр Дәуеновтың хабарлауынша, мектеп уақытша 11 мектебі ғимаратына көшкен.

“Бұл ата-аналардың “Шаңырақ” мектебінің қазіргі ғимаратының аппаттық жағдайына байланысты өтініші негізінде ұйымдастырылды. Мектептің құқықтық статусы, оның штаттық бірліктері, контингенті сақталады. 2024 жылы Риддер қаласындағы “Жайлы мектеп” жобасы аясында салынатын жаңа мектеп “Шаңырақ” мектебіне беріледі”, - дейді Дәуенов.